Перзентханада туған балаларға анасының құжаты болмаса да куәлік берілетін болады

0
2 761

Ата-аналардың таңдауы бойынша SMS-хабарлама арқылы тууды проактивті жолмен тіркеу мүмкіндігі заңнамалық түрде реттелді.


Перзентханада туған балаларға анасының құжаты болмаса да куәлік берілетін болады

ERNUR.KZ. Азаматтық хал актілерін тіркеу саласындағы мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру мақсатында «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 50-ден астам баптарына өзгерістер енгізілді. Енді құжаттарын жоғалтқан жағдайда, азамат қай аймақта тұратына, туған жеріне қарамастан, кез келген тіркеуші органға барып, қайталама туу туралы куәлігін ала алады, деп жазады Елорда Инфо.

Қазақстан Республикасы Президенті ағымдағы жылдың 26 қарашасында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары бастамашылық еткен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңына қол қойылды.
Атап айтсақ, бала асырап алуды және әке болуды анықтауды мемлекеттік тіркеуді, сондай-ақ сот шешімі негізінде неке бұзу секілді акт жазба түрлерін тіркеу алынып тасталды.
Мысалы, қазіргі кезде ерлі-зайыптылар сот арқылы некесін бұзып, содан кейін АХАТ органдарына барып куәлік алуы қажет болса, өзгерістерге сәйкес сот шешімі заңды күшіне енген сәттен, автоматты түрде неке қию туралы акт жазбасына некенің бұзылғаны туралы белгі қойылып, куәлік алудың қажеттілігі алынып тасталды. Енді азаматтар АХАТ органдарына бару қажеттілігінен босатылды.
Конституцияда және Кодексте кепілдік берілген отбасы құпиясын, бала асырап алудың, баланың шығу тегінің құпиясын сақтау мақсатында әке болуды анықтауды мемлекеттік тіркеу, бала асырап алуды мемлекеттік тіркеу тараулары алынып тасталды. Бұл ретте, баланың жеке және ата-анасы туралы деректері туу туралы куәлікте ғана көрсетіледі.
Қазір баланы асырап алған немесе әкелік анықталған кезде балаға 2 куәлік беріледі - асырап алу немесе әке болуды анықтау және туу туралы куәлік. Жаңа өзгерістерге сәйкес артық құжаттарды жою мақсатында азаматтар үшін де, тіркеуші орган үшін де тәртіпті жеңілдету арқылы балаға қажетті тек туу туралы куәлік беріледі.
«Енді азаматтарға ыңғайлы болу үшін азаматтық хал актілерін тіркеудің барлық түрлерін тіркеу, оларға өзгерістер, түзетулер мен толықтырулар енгізу, акт жазбаларды қалпына келтіру және жою, қайталама куәліктер мен анықтамалар алу бойынша мемлекеттік қызметтер эксаумақтық қағидат бойынша көрсетіледі», делінген хабарламада.
Мысалы, құжаттарын жоғалтқан жағдайда, азамат қай аймақта тұратына, туған жеріне қарамастан, кез-келген тіркеуші органға барып, қайталама туу туралы куәлігін ала алады.
Ақпараттық жүйелерден алуға болатын құжаттарды (сот шешімдері, медициналық анықтамалар, Қазақстан Республикасында тіркелген актілер туралы ақпарат және т.б.) азаматтармен мемлекеттік органдарға ұсыну қажеттілігі жойылды.
Ата-аналардың таңдауы бойынша SMS-хабарлама арқылы тууды проактивті жолмен тіркеу мүмкіндігі заңнамалық түрде реттелді.
Сонымен қатар, бала перзентханада туылса, анасының жеке басын куәландыратын құжатының болмауына қарамастан, нәрестеге міндетті түрде туу туралы куәлік беріледі.