​Петропавл әкімдігі құрылыс компаниясын сотқа берді

0
1 534

Петропавлдың «Береке» шағын ауданында мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйлерде жылу жоқ.


​Петропавл әкімдігі құрылыс компаниясын сотқа берді

ERNUR.KZ. Петропавлдың «Береке» шағын ауданында мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйлерде жылу жоқ. Өткен қысты қалтыраумен өткізген тұрғындар биыл да жылусыз отыр. Петропавл қалалық әкімдігі аталған үйлерді салған құрылыс компаниясын сотқа берді, деп жазады Baq.kz.

Гастелло көшесіндегі 36 және 46-шы үйлердің иелері жаңа баспанаға көшкен күннен түрлі мәселелерден көз ашпай келеді. Бірде су болмаса, бірде жылу жоқ. Ыстық су берілген күннің өзінде, қысымның төмендігінен жоғарғы қабаттарға жетпейді. Тұрғындар қыс бойы электр құралдарымен күнелтіп шыққан. Ондай құрылғылар энегрия көзін көп тұтынатыны белгілі. Тұрғындар дұрыс бетірлемеген жылу үшін бір, электр энегриясы үшін екі төлеп, шаш етектен шығынға батты. Оның үстіне, барлығының ипотекалық несиесі бар. Жылу дұрыс берілмегендіктен, үйдің қабырғалары дымданып, кейбір пәтерлер көгере бастаған.

Жанайдар Молдабаев – Гастелло көшесіндегі 46-шы үйде тұрады. Жаңа пәтер иесінің қуанышы ұзаққа бармапты. Өйткені баспананың олқы жерлері көп. Бұған дейін ыстық сусыз күнелткен тұрғындар, 4 күннен бері жылусыз қалған. Соның кесірінен кішкентай баласының өкпесі қабынып, ауырып қалыпты.

«Үй салынғалы жылуға жарымай қойдық. Енді міне, бірнеше күннен бері жылу да, ыстық су да мүлде жоқ. Қабырғалар жарылып жатыр. Жертөледе су тұрады. Соның кесірінен балаларымыз ауырып қалды. Әкімдікке, құрылысшыларға айта-айта жауыр болды, бұл әңгіме», - дейді ол.

Үй иелері өткен жылдан бері Петропавл қаласының әкімдігі мен «Стройкомпания» құрылыс компаниясының табалдырығын тоздырып шаршағандықтарын айтады. Қазанның 17-не тағайындалған отырыс, осы айдың 26-на ауыстырылған. Ал қазанның 25-і күні үйдің құрылыс жұмыстарына кепілдік мерзімі аяқталады.

«Кепіл мерзімі аяқталған соң, құрылыс компаниясы ештеңе істемейді. Бұған дейін де бітіргендері шамалы. Жылу батареялары мұздай. Біз киіммен ұйықтауға мәжбүрміз. Үйіміз суық. Солай бола тұра, 2 жыл бойы су мен жылуға ақша төлеп келеміз. Мәселеге ешкім құлақ аспайды. Әкімдік құрылыс компаниясына сілтейді, құрылыс компаниясы жылу жүйесіне», - дейді жаңа үйдің тұрғыны Зайра Тәшенова.

«Береке» шағын ауданындағы жаңа үйлердің төңірегіндегі дау 2 жыл бойы жалғасып келеді. Өткен жылы жауапты мекемелер «мәселенің шешемін әне табамыз, міне табамызбен» жаз шыққан. Күз мезгілімен бірге, проблема қайта басталды.

«Бұл тұрғын үй бойынша былтыр да шу болған еді. Су мәселесі бойынша сотқа арызданып, жауабын күтіп отырмыз. Ал енді жылу жүйесін жөндеуге құрылысшыларға тағы бір ай уақыт береміз. Егер осы уақытқа дейін барлығын қалпына келтірмесе, толықтай бір шешім қабылдап қолға алатын болмыз. Өйткені жылу беру маусымы енді ғана басталды», - дейді Петропавл қалалық әкімдігі құрылыс бөлімінің жетекшісі Серік Сабралин.

«Стройкомпания» серіктестігінің өкілдері жылу мен ыстық су мәселесіне қатысты мардымды жауап қайтара алмады. Тек тұрғындардың сансыз сұрағына «бұл бізге жолданатын сауал емес» дегеннен арыға бара алмады.

«Құбырдан су ағып кеткен, сондықтан да жылу болған жоқ. Енді барлығы қалпына кеуі тиіс. Ол жағын нақты айта алмаймын. Біздің міндет – үйді тұрғызу, бар болғаны сол. Екіншіден, жертөледегі құралдар жылу қысымының төмен екендігін көрсетіп тұр. Қаланың орталық аудандарында жылу талапқа сай. Ал «Береке» шетте орналасқандықтан, мұнда қысым дұрыс жетпейді», - дейді «Стройкомпания» ЖШС инженері Сергей Безус.

Тұрғындардың айтуынша, өткен қыста аталған үйлердегі ауа температурасы 15 градус жылылықтан аспаған. Сапасыз құрылысқа көңілі толмай, иелерінің пәтерден бас тартқан жағдайлар да болған еді.