Петропавлда 9 қарашадан бастап төтенше жағдай енгізіледі

0
290

7 қараша күні облыс орталығындағы Жуков - Н.Назарбаев көшелерінің ауданында орналасқан диаметрі 800 мм кәріз коллекторы зақымданды.


Петропавлда 9 қарашадан бастап төтенше жағдай енгізіледі

ERNUR.KZ. Петропавлда 9 қарашадан бастап жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай енгізіледі. Оған себеп – қаладағы кәріз коллекторларының бірінің әбден тозығы жетіп, зақымдануы, деп жазады kaz.inform.kz.

Петропавл қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, 7 қараша күні облыс орталығындағы Жуков - Н.Назарбаев көшелерінің ауданында орналасқан диаметрі 800 мм кәріз коллекторы зақымданды. 1956 жылы салынған бұл коллектор 19-шы, 20-шы шағын аудандардан, Жұмысшы кентінен, Береке шағын ауданынан, Вокзал ауданынан, Нефтепроводная көшесінің аймағындағы ағындарды жинайды.

«Қазіргі уақытта коллектор жұмыс істеп тұр. Ол әрі қара жұмыс істеуі үшін біз жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жариялау туралы шешім қабылдадық. Төтенше жағдай режимі 9 қарашадан бастап енгізіледі. Біз тез арада 700 метр кәріз құбырын жөндейміз.

Құбырлардың тозуына байланысты олардың зақымдануы жиілеп кетті. Коллектордың толық істен шығуын болдырмау үшін осы учаскеге шұғыл жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Осыған байланысты, қала әкімдігі коллекторға жедел жөндеу жүргізу үшін осындай шешім қабылдап отыр. Қазір тиісті құжат НҚА порталында жарияланды», - деді Петропавл әкімі Серік Мұхамедиев.

Қала әкімінің айтуынша, коллекторда тексеру жүргізілді, «Қызылжар Су» ЖШС күрделі жөндеуге кірісіп кетті. Бұл мәселе облыс пен қала басшылығының бақылауында болмақ.