Петропавлда алқабилер соты үш кісіні өлтірді деп айыпталған ер адамды ақтап алды

0
236

Үкім заңды күшіне енген жоқ. Шешімге апелляциялық шағым берілуі мүмкін.


Петропавлда алқабилер соты үш кісіні өлтірді деп айыпталған ер адамды ақтап алды

ERNUR.KZ. Петропавлда алқабилер соты үш адамды өлтірді деп айыпталған ер адамды ақтап алды, деп жазады stan.kz.

Петропавлда төрт жасар інісін, өзімен бірге тұратын әйел мен оның бір жасар қызын аса қатыгездікпен өлтіріп, өртеп жіберді деп айыпталған күдікті ақталып шықты.

Оқиға өткен жылдың қыркүйек айында болған. Петропавлдағы шағын аудандардың біріндегі жеке үйде өрт шығып, жас келіншек пен екі кішкентай бала қаза тапқан еді. Өрттен аман қалған жалғыз ер адам отбасын өрттен алып шығуға үлгермегенін мәлімдеді.

Алайда араға бір ай салып өрттен аман қалған ер адам “кісі өлтірді” деген күдікпен ұсталды. Қылмыстық іс 2024 жылдың наурыз айынан бері сотта алқабилердің қатысуымен қаралды.

Сот отырысында мемлекеттік айыптаушы сотталушының кінәсі толық дәлелденгенін атап өтті.

Прокурордың айтуынша, 2023 жылдың 25 қыркүйек күні кешке сотталушы бірге тұратын әйелмен жанжалдасып, оның бір жасар қызын ұстап алып, баланы өз бойының лақтырып жіберген. Нәресте ауыр жарақат алып, оқиға орнында көз жұмған. Содан кейін сотталушы өз інісінің көзінше әйелді тұншықтырып өлтірген. Інісі болған жайды айтып бере ме деп қорқып, оны да тұншықтырып өлтірген.

"Сотталушы К балаларды көрпеге орап, ес-түссіз жатқан келіншекпен бірге верандаға апарып, үйді өртеп жіберген, сол кезде сотталушы қонақ бөлменің терезесін сындырып, көшеге шыққан. Көршілерін көмекке шақырып, өзін де өрттің құрбаны екенін көрсеткісі келген", – делінген айыптау хаттамасында.

Прокурордың мәліметінше, сараптамада өрт салдарынан тек 21 жастағы әйел қаза тапқаны, ал екі баланың өртке дейін көз жұмғаны анықталған.

"Қылмыстың ауырлығы мен қоғамдық қауіптілігін ескере отырып, соттан К-ны қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұраймын. Сондай-ақ, К-ның түрмеде алкоголизмнен мәжбүрлеп емдеуге тағайындалуын сұраймын", – деді прокурор Роза Жолаушинова.

Сотталушының өзі тергеуде де, сотта да кінәсін мойындаған жоқ. Кіші баласынан айырылған сотталушының анасы да үлкен ұлының кінәсіз екенін алға тартты. Күдіктінің анасы сот пен алқабилерден ұлын ақтауды сұрады.

"Алқабилердің қатысуымен сот үкім шығарды: сотталушы кінәсіз деп танылып, қылмыс құрамының болмауына байланысты ақталды. К-ға қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасының күші жойылсын. К дереу қамаудан босатылсын. Ақталған К-ға заңсыз қудалау салдарынан келтірілген зиянды өтеу құқығы берілсін", – делінген сот үкімінде.

Үкім заңды күшіне енген жоқ. Шешімге апелляциялық шағым берілуі мүмкін.