Ер адам полиция қызметкерлерінің көзінше пышақпен өз қолын бірнеше жерден жарақаттаған.
ERNUR.KZ. Петропавлда екі адамның кикілжіңі қаланың бүкіл күш құрылымдарының қызметкерлерін аяғынан тік тұрғызды, деп жазады ҚазАқпарат.
«Петропавл қаласының тұрғындарының бірі өзінің питбуль тұқымдас итімен бірге тұмсықторсыз қыдырып жүрген. Оның жанынан өтіп бара жатқан басқа бір азамат әлгі ит иесіне ескерту жасап, ақыры екі адамның арасында төбелес туады. Осыдан кейін 102 нөміріне әлгі азамат ит қапқаны туралы шағым айтып, қоңырау шалған. Онымен қоймай, әлгі иттің иесі ұстасып қалған жігіттің арқасына пышақ салған», - деп хабарлайды СҚО полиция департаментінен.
Жараланған тұрғын қаланың үшінші ауруханасына жеткізілді.
Ақыры адамды пышақтап, итімен көшеде тұмылдырықсыз қыдырған жігіттің үйіне сау етіп, бір топ полиция жетіп барады. Алайда 39 жастағы жігіт есікті ашудан бас тартып, газбен үйді жарып жіберетінін айтып, тәртіп сақшыларын састырған көрінеді.
«Оқиға орнына облыстық және қалалық полицияның, прокуратураның, төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жетті. Бүкіл подъезде газ бен электрді өшіру туралы шешім қабылданды. Үй иесімен бірге әйелі де үйде болған. Соңында тіпті екеуі полиция қызметкерлерін 7-қабаттан секіреміз деп қорқытқан. Ер адам полиция қызметкерлерінің көзінше пышақпен өз қолын бірнеше жерден жарақаттады. Полиция өрт сөндіруге арналған баспалдақты қолдануға әрекеттенгенде үй иесі қатты қарсылық танытты», - делінген хабарламада.
Ашуға булыққан жігіт полиция қызметкерлеріне бірде пышақпен, бірде темір затпен тап беріп, құқық қорғаушылардың әбден құтын қашырған. Ақыр соңында арнайы жедел әрекет ету жасағының үш қызметкері үйге терезе арқылы басып кіріп, жігітті тапжылтпады.
Қазіргі уақытта аталмыш оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 293-бабы (бұзақылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.