Басқарма мамандары инфекция ошағында дезинфекциялық жұмыстар жүргізді.
Фото: magnific.com
ERNUR.KZ. Петропавлда 16 жастағы мектеп оқушысынан туберкулездің ашық түрі анықталды, деп жазады stan.kz.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мәліметінше, оларға қала мектептерінің бірінде оқитын оқушыдан туберкулез анықталғаны туралы медициналық ұйымнан шұғыл хабарлама түскен. Сырқат флюорографиялық тексеру барысында белгілі болған.
Оқушы ауруханаға жатқызылды.
“Жасөспірімге бактерия бөлетін туберкулездің ашық түрі (МБТ+) диагнозы қойылды. Қазір ол облыстық фтизиопульмонология орталығында арнайы ем қабылдап жатыр”, – деді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы.
Басқарма мамандары инфекция ошағында дезинфекциялық жұмыстар жүргізді. Қазір науқаспен байланыста болған адамдар, яғни оның отбасы мүшелері, мектептегі оқушылар мен мұғалімдер, сондай-ақ жасөспірім барған емхана қызметкерлері тексеріліп жатыр.
Сонымен қатар Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы жасөспірім тіркелген медициналық ұйым мен ауру анықталған мекемеге қатысты эпидемиологиялық тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Еске салайық, бұған дейін астаналық ата-ана ауруханада бір жасар баласының мейіргерден туберкулез жұқтырғанын айтып, шағымданған еді. Бүлдіршінді науқаспен байланыста болғандар ретінде тексеруге жібергенде өкпесінен дақ анықталған.


