2022 жылдың маусымында әйел бет пішінін түзету үшін Ақтаудағы хирургке жүгінген.
Фото: depositphotos.com
ERNUR.KZ. Ақтауда сот хирургты пластикалық отадан кейін тыртық қалған пациентке үш миллион теңге төлеуге міндеттеді. Алматыда қайта жасалған ота бет жүйкесінің зақымдануына әкеп соққан, деп жазады tengrihealth.kz.
Пластикалық отадан кейін не болды?
Соттың анықтауынша, 2022 жылдың маусымында әйел бет пішінін түзету үшін Ақтаудағы хирургке жүгінген. Отадан кейін оның құлақ айналасында келоидты тыртықтар пайда болып, жұмсақ тіндерінің жағдайы нашарлап, сырт келбеті өзгерген.
"Алғашқы ем қабылданғанына қарамастан, пациенттің жағдайы жақсармаған. Туындаған мәселелерге байланысты ол басқа мамандардың көмегіне жүгінуге мәжбүр болған", - делінген хабарламада.
2025 жылы әйел кемшіліктерді түзету үшін Алматыда қайта ота жасатуға бел буады. Алайда, іс материалдарына сәйкес, отадан кейін пациенттің бет жүйкесінің тармағы зақымданып, жұмсақ тіндері деформацияға ұшыраған.
"Нәтижесінде пациент ұзақ уақыт бойы физикалық жайсыздық сезініп, моральдық зардап шеккен", - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Пациент асқынулар сапасыз медициналық көмектің салдарынан болды деп есептеп, Ақтау қалалық № 2 сотына алғашқы отаны жасаған хирург-дәрігердің үстінен талап арыз түсірген.
Ол дәрігерден емделу шығындарын өтеу үшін 20 миллион теңге және моральдық зиян өтемі ретінде тағы 10 миллион теңге өндіруді талап етті.
Сот шешімі
Сот іс материалдары мен сот сараптамаларының қорытындыларын зерделеді. Олар әйелдің денсаулығына зиян келгенін және медициналық қызметтің сапасыз көрсетілуіне байланысты моральдық зардап шеккенін растады.
Бірақ пациентке 20 миллион теңгені өндіріп алудың сәті түспеді: ол барлық шығынды растайтын құжаттарды ұсына алмаған.
Анықталған мән-жайларды ескере отырып, сот талап арызды ішінара қанағаттандырып, хирургті әйелге моральдық зиян өтемі ретінде үш миллион теңге төлеуге міндеттеді.
Шешім заңды күшіне енді.


