Шымкентте екі рет егіз босанған ана үшем дүниеге әкелді

0
110

Сәбилердің екеуі — қыз, біреуі — ұл.


Шымкентте екі рет егіз босанған ана үшем дүниеге әкелді

Шымкент қалалық перинаталдық орталығында көпбалалы ана үшемді дүниеге әкелді.

Бір қызығы, ана бұған дейін екі рет егіз босанған. Үшемнің дүниеге келуімен отбасындағы бала саны онға жетті.

Үшем 17 қыркүйекте кесар тілігі арқылы дүниеге келген. Сәбилердің екеуі — қыз, біреуі — ұл. Туған кездегі салмақтары тиісінше 1740, 1482 және 1730 граммды құрады. Ата-анасы нәрестелерге Альсия, Сафия және Аймұхаммед есімдерін берген.
Мерзімінен бұрын туған сәбилер алғашқы күндерінен бастап жаңа туған нәрестелердің жансақтау бөлімінде ем қабылдады. Кейін арнайы күтім бөліміне ауыстырылып, дәрігерлердің тұрақты бақылауында болды.
Уақытылы көрсетілген медициналық көмектің нәтижесінде сәбилердің жағдайы жақсарып, салмақтары біртіндеп артты. Қазіргі уақытта үшемнің жағдайы қанағаттанарлық. Салмақтары екі келіден асып, медициналық көрсеткіштерге сәйкес үйіне шығарылуға дайындалып жатыр.
Үшемге жасалған кесар тілігіне дәрігер Даулет Сатов Яминович қатысты. Анестезиологиялық көмекті Р.Ф. Мадусманов көрсетті.
Жаңа туған нәрестелердің жансақтау бөлімінде сәбилерге Ақзат Шолпанқұлова, Перизат Шарипова және Камшат Әмірбекова медициналық көмек көрсетті. Арнайы күтім бөліміндегі емдеуші дәрігер — Айгүл Симағамбетова, бөлім меңгерушісі — Сандуғаш Нуранова.
Айта кетейік, үшем дүниеге келгенге дейін отбасында жеті бала тәрбиеленіп келген. Енді ата-ана он баланың қызығы мен қуанышын бірге көрмек. Анасы үй шаруасымен айналысады, ал әкесі жеке кәсіпкер.
Бөлісу