Полицейлер суда қалған тұрғындарды қайықпен тасымалдады

0
532

Жанболат Жастілекұлының айтуынша, Қоржын ауылынан адамдарды көшіруге көмектесу үшін 28 наурыз күні тікұшақпен барған.


Полицейлер суда қалған тұрғындарды қайықпен тасымалдады

ERNUR.KZ. Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы Қоржын ауылын су басып, күрделі жағдай орын алды, деп жазады inbusiness.kz.


Тұрғындарды Қоржыннан эвакуациялауға полиция қызметкерлері де ат салысты.

Соның бірі, Қаратөбе аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары, полиция подполковнигі Жанболат Мурзашев оқиғаның қалай болғанын айтып берді.

Жанболат Жастілекұлының айтуынша, Қоржын ауылынан адамдарды көшіруге көмектесу үшін 28 наурыз күні тікұшақпен барған.

"Қоржынға анықтаушы, полиция капитаны Әділбек Идиров, азаматтық қаруға рұқсат беру тобының инспекторы, полиция лейтенанты Қазірет Кеңесовпен бірге бардық. Қоржын ауылындағы учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Ерболат Қадыр су тасқыны басталғаннан бері соның басы-қасында жүр. Біз резеңке етік киіп, төтенше жағдай, жергілікті атқарушы орган қызметкерлерімен бірлесе қимылдап, әйелдерді, ауру-сырқау адамдарды, балаларды екі тікұшаққа дейін қайықпен жеткізіп отырдық. Қазір Қоржында негізінен ер адамдар қалды. Менен басқа аталған полиция қызметкерлері де сонда қалып, қоғамдық тәртіпті қадағалап, тұрғындардың мал-мүлкін сақтауға үлес қосуда. Ел басына қиын сәт туғанда біз де біргеміз ғой", - дейді Ж.Мурзашев.

Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің мәліметі бойынша, су тасқынынан зардап шеккен аудандарда тәртіп сақшылары эвакуация жүргізілген елді мекендерде азаматтардың мүлкін қорғау үшін тәуліктік кезекшілік орнатып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізуде.

Оған қоса Қаратөбе және Шыңғырлау аудандарының полиция қызметкерлері қайырымдылық көмек көрсетуде, яғни үйі суға кетіп, шығынға қалған отбасыларды азық-түлікпен, қажетті керек-жарақтарымен қамтамасыз етіп жатыр.

"Жергілікті әкімдіктер, полиция және төтенше жағдайлар органдары су басқан нысандарды сорып алу және адамдарды құтқару бойынша жан-жақты шара қолдануда. Күні бүгін облыс бойынша 19 жолды су басты, соның үшеуі – облыстық, 16-сы – аудандық маңызы бар жолдар. Сол жерлерде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшінБатыс Қазақстан облысы Полиция департаменті патрульдік полиция батальонының қызметкерлерімен стационарлық бекеттер орнатылды. Жалпы су тасқынынан қорғау жұмыстарына 88 полиция қызметкері мен 40 қызметтік техника жұмылдырылды", - деп хабарлады ведомствода.

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, облыс бойынша су кірген үйлер саны 460-қа жетті.

Су тасқынына қарсы жұмыстарға төтенше жағдайлар департаменті, жергілікті атқарушы органдар, ҚР ТЖМ № 28327 әскери бөлімі, ҚР Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұлан және ҚР Ішкі істер министрлігінен 931 адам (297 техника, 96 мотопомпа) қатысуда.

25 наурыздан бері 529 мың текше метр су сорылып, инертті материалдармен 53 930 қап төселді.

Батыс Қазақстанға көмекке келген Маңғыстау облысы ТЖД өрт сөндіруші-құтқарушылары қазіргі уақытта Бөрлі ауданындағы су тасқыны зардаптарын жоюға толық жұмылдырылған.

Бұған дейін Сырым ауданында болған ҚР ТЖМ №28327 әскери бөлімінен 50 адам күні бүгін Орал қаласына келіп, қаптарды инертті материалмен толтырып, төсеуге тартылды.

Шыңғырлау өзенінің арнасынан асуына байланысты Бөрлі ауданы Ақсу және Кеңтүбек ауылдарында 251 адам эвакуацияланды.

БҚО ТЖ департаменті Ақсу ауылында құтқарушының мұз үстінде қалған итті құтқарған бейнежазбасын жариялады.

Бұл Ақсай қаласында жаңадан ашылған №29 өрт сөндіру бөлімшесінің қызметкері, азаматтық қорғау кіші сержанты Бексұлтан Өтеғалиев болып шықты.

Сонымен қатар бүгін түсірілген тағы бір бейнежазбада құтқарушының суға кеткен үйдің ауласынан итті алып шығып келе жатқаны көрсетілген.