Полиция "Қайрат" – "Ордабасы" матчында қауіпсіздік шараларын күшейтеді

0
108

Қатысушылар мен жанкүйерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін күшейтілген полиция жасақтары, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері жұмылдырылады.


Полиция

фото: Артур Шишига

ERNUR.KZ. "Қайрат" және "Ордабасы" командалары арасындағы футбол матчы қарсаңында Алматы қаласы полиция департаменті жанкүйерлерді қоғамдық тәртіпті сақтап, өзара құрметке негізделген атмосфера қалыптастыруға шақырды, деп жазады sputnik.kz.
Қатысушылар мен жанкүйерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін күшейтілген полиция жасақтары, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері және басқа да бейінді қызметтер жұмылдырылады. Стадион аумағында және оған іргелес учаскелерде заманауи бейнебақылау және бақылау құралдары да пайдаланылады.
"Полиция қызметкерлері көрермендерді арандатуға ермей, заң талаптарын сақтауға, айналасындағыларға құрметпен қарауға және өз командаларын тек спорт мәдениеті аясында қолдауға шақырады", - делінген хабарламада.
Полиция агрессивті мінез-құлық, тыйым салынған атрибутиканы пайдалану, былапыт сөздер айту және жанжал туғызуға әрекет жасау сияқты кез келген құқыққа қайшы әрекетке заңнамаға сәйкес құқықтық баға берілетінін еске салады.
"Қолдау көрсету үшін Алматыға келген барлық жанкүйерді қуана қарсы аламыз. Біздің ортақ міндетіміз – бұл матчтың әдемі ойынмен, жарқын эмоциялармен және бір-біріне деген құрметпен есте қалуын қамтамасыз ету. Баршаңызды қоғамдық тәртіпті сақтауға, арандатуға ермеуге және нағыз жанкүйерді мінез-құлық мәдениеті, қарсыласқа деген құрметі мен өз командасына шынайы қолдау көрсетуі ерекшелендіретінін есте ұстауға шақырамыз", - дейді полиция.