ЖазылуЖаңа дрондар базарлар, сауда орындары және ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің аумақтарында қолданылады.
фото: ІІМ ресми сайты
ERNUR.KZ. Шығыс Қазақстан облысының полицейлері сөйлейтін дрондарды пайдалануға кірісті, деп жазады sputnik.kz.
Дауыс күшейткіші бар 10 жаңа дрон базарлар, сауда орындары және ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің аумақтарында қолданылады. Олар әуеден азаматтарға қоғамдық тәртіпті сақтау, жеке мүліктің қауіпсіздігіне мұқият болу және заң талаптарын қатаң ұстану қажеттігін еске салып отырады.
"Негізі, жаңа құрылғылардың мүмкіндіктері бұдан да кең. Дауыс күшейткіші бар дрондар жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, аулаішілік аумақтар мен адам көп жиналатын орындарды патрульдеу, профилактикалық іс-шараларды жүргізу, сондай-ақ іздестіру жұмыстары мен жедел жағдайды әуеден бақылау үшін де қолданылады", - дейді полицейлер.
Сондай-ақ, дрондар ауқымды аумақтарды жедел шолуға, азаматтарға қауіпсіздік шараларын уақтылы жеткізуге және полиция нарядтарының жұмыс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Айта кетері, бұған дейін Қызылордада дронның көмегімен жаяу жүргіншілерге айыппұл салына бастаған болатын.


