Польша тұрғыны Қазақстан полициясына алғысын жеткізді

0
1 083

66 жастағы зейнеткер осы жылғы жазда тұрақты тұруға кетуге байланысты құжаттарын ресімдеген.


Польша тұрғыны Қазақстан полициясына алғысын жеткізді

ERNUR.KZ. Польшаның қарт тұрғыны СҚО Полиция департаментінің қызметкеріне өз алғысын білдірген хат жолдады, деп жазады Polisia.kz.


- Райхан, сәлеметсіз бе! Мен адамдарға деген ілтипатыңыз, мейірімділігіңіз үшін сізге шын жүректен алғыс айтқым келеді. Кәсібилік көрсетіп, жағдайды түсінгеніңіз үшін рахмет! Осындай қызды тәрбиелеген ата-анаңызға алғысым шексіз. Денсаулықтары мықты болсын! Бақытты бол! Барлық көші-қон қызметінің қызметкерлеріне көрсеткен көмектері үшін көптен-көп рахмет, - деп жазылған хат Көші-қон қызметі басқармасына Польшада тұратын әйелден келді.

66 жастағы зейнеткер осы жылғы жазда тұрақты тұруға кетуге байланысты құжаттарын ресімдеген. Алдын ала сатып алған билеті қалтасында болса да, кейбір жағдайларға байланысты әйел ұшаққа кешігіп қалуы мүмкін еді. Баласы екеуі бірнеше жыл бойы Польшада тұрады екен. Бұған дейін олар Тайынша ауданында тұрған. Евгения Антоновна жағдайды көші-қон қызметінің инспекторы Райхан Бестаеваға түсіндіріп, айтып берген. Полиция капитанының кәсіби іс-әрекеттері өтініш берушіге тіркеуге қатысты барлық мәселелерді шұғыл шешуге көмектесті.

- Адамдардың ризашылығына бөлену біз үшін зор қуаныш. Менің көші-қон қызметінде жұмыс істегеніме 5 жыл болды, осы жылдар ішінде жүздеген түрлі құжат ресімдедім. Олардың әрқайсысының артында адам тағдыры тұр. Егер өз үлесімізді қосып, адамдарға көмегімізді тигізсек, біз оған қуанамыз, – дейді Райхан Бестаева.