Президент бастамалары бұрын жарияланған ауқымды саяси реформаның жалғасы — Олжас Бектенов

0
98

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың 5-ші отырысында сөйлеген сөзінің қорытындысы бойынша бірқатар тапсырма берді.


Президент бастамалары бұрын жарияланған ауқымды саяси реформаның жалғасы — Олжас Бектенов

ERNUR.KZ. Онда жаңа Салық кодексінің нормаларын жетілдіру, ЖИ енгізу және цифрландыру, энергетика мен мұнай-газ, көлік пен логистика, сауда, су ресурстары саласын, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздік, мәдениет, білім беру және денсаулық сақтау салаларын дамытуды қоса алғанда, басым бағыттарға назар аударылды, деп хабарлайды Primeminister.kz.

«Кешегі өткен Ұлттық құрылтайдың 5‑ші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұған дейінгі ауқымды саяси реформаларының жалғасы болып табылатын бастамаларын жария етті. Парламент пен қоғамдық институттардың рөлін күшейту туралы ұсыныстар саяси жүйемен қатар, азаматтарымыздың мәдениетіне де демократиялық қағидаттарды біржолата орнықтыру процесі жүріп жатқанын білдіреді. Қазақстанның заманауи сын-тегеуріндерге қарсы тұруына кепілдік беретін аса маңызды идеологиялық тұжырымдар айқындалды. Бұлар – қоғамды ұйыстыру, отаншылдық, әділдік және "Заң мен Тәртіп" қағидаттарына деген мызғымас ұстаным. Ұлттық идеологиямыздың ажырамас бөлігіне айналған "Таза Қазақстан" да негізгі құндылықтардың қатарында тұр. Өз сөзінде Президент еліміздің одан әрі экономикалық дамуына қатысты негізгі міндеттерді алға қойды», – деп атап өтті Премьер-министр.

Бұл ретте Мемлекет басшысы әрбір жауапты лауазымды тұлғаға батыл әрі тосын инновациялық шешімдер қабылдау қажеттігі туралы қатаң талаптар қойып отыр.

Қойылған міндеттерді табысты жүзеге асыру үшін Премьер-министр мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берді.

Ұлттық экномика министрлігіне «Атамекен» ұлттық палатасының өкілдерін, сарапшыларды тарта отырып, жұртшылық пен бизнес тарапынан келіп түскен ұсыныстар жинақталып, мұқият талдау жүргізіледі.

Цифрландыру саласында цифрландыруды жедел дамыту мен жасанды интеллектіні енгізуге баса назар аударылды, елімізді жаһандық цифрлық экономиканың экожүйесіне кіріктіру міндеті қойылып отыр. Жасанды интеллект министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, әзірленіп жатқан «Digital Qazaqstan» бағдарламасында цифрландырудың үздік тәжірибелерін енгізу арқылы мемлекеттік функцияларды оңтайландыруды қарастыру, сондай-ақ сенімді әрі қауіпсіз IT-инфрақұрылым құру тапсырылды. Екібастұзда деректерді өңдеу орталықтарының алқабын құру жобасын шұғыл түрде жүзеге асыру өз алдына бөлек атап өтілді. Премьер-министр жалпы алғанда цифрландыру бағытында науқаншылдыққа, көзбояушылыққа жол бермеуді, ал мемлекеттік органдардан нақты іс-әрекет пен нәтиже керектігін ерекше тапсырды.

Мемлекет басшысы көмір генерациясын дамытудың және жаңа ЖЭО жобаларын жүзеге асырудың маңыздылығына назар аударғанын атап өтті. Осыған байланысты «Самұрық-Қазына» қорына Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жаңа жылу электр орталықтарын салу жобаларын жүзеге асыруды жеделдету, 2-ші ГРЭС-ті кеңейту бойынша құрылыс барысын ерекше бақылауға алу, Курчатовтағы ЖЭО және Екібастұздағы 3-ші ГРЭС жобаларының техникалық құжаттамасын дайындауды аяқтау тапсырылды. Энергетика министрлігі бір ай мерзімде көмір генерациясын дамыту жөніндегі ұлттық жобаны әзірлеуі тиіс. Сонымен қатар елімізде энергия ресурстарына сұраныс өсіп отырған қазіргідей жағдайда геологиялық барлау жұмыстарын жандандыру, көмірсутектердің жаңа кен орындарын игеру және ірі газ өңдеу зауыттарын уақтылы іске қосуды қамтамасыз ету міндеті қойылды. Сондай-ақ Энергетика министрлігі «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, келешегі зор жаңа мұнай және газ кен орындарын игерудің егжей-тегжейлі жоспарын әзірлеп, Қор газ өңдеу жобаларын жүзеге асыру кестесін қатаң бақылауда ұстауы қажет.

Көлік саласында салалық ведомствоға «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, бір апта мерзімде жаңа халықаралық әуе рейстерін іске қосу және ұлттық карго-тасымалдаушының алдағы қызметі жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеу тапсырылды. Сонымен қатар Көлік және Энергетика министрліктері, «Қазмұнайгаз» компаниясы, мүдделі мемлекеттік органдар авиаотын бағасының және жалпы отандық әуежайлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған шаралар кешенін жүзеге асырады. Теміржол саласында биыл «Қызылжар – Мойынты» және «Дарбаза – Мақтаарал», «Алтынкөл – Жетіген» және «Жезқазған – Сексеуіл» жобаларын аяқтау тапсырылды.

Сауда саласында Үкімет ЕАЭО шеңберінде қазақстандық тауар өндірушілерді қорғауды күшейтуде. Сауда және интеграция министрлігіне салалық ведомстволармен бірлесіп, екі апта мерзімде ішкі және сыртқы нарықтарда отандық өнімді кеңінен таныту бойынша жүйелі тәсілдерді әзірлеу тапсырылды.

Президент атап өткен Арал теңізі мәселелерін ескере отырып, су саласына қатысты тапсырмалар берілді. Су ресурстары министрлігі осы жылдың 30 маусымына дейін Солтүстік Арал теңізін сақтаудың екінші кезеңін дайындауды аяқтап, жыл соңына дейін қаржыландыру мәселесін, оның ішінде халықаралық ұйымдар есебінен қаржыландыруды шешуі қажет.

Сондай-ақ Энергетика министрлігімен бірлесіп, биыл Қазақстанның су-энергетикалық ресурстары картасын әзірлеу тапсырылды. Мемлекет басшысының Біріккен Ұлттар Ұйымы алаңында Халықаралық су ұйымын құруға қатысты бастамасын одан әрі ілгерілету жөнінде шаралар қабылдау қажеттігі атап өтілді.

Президент экономиканың түрлі салаларын дамытуға ғылыми әлеуеттің толық пайдаланылмай отырғанын сынға алды.

Осыған байланысты Үкімет экономиканың түрлі салаларын дамытуға қолда бар ғылыми әзірлемелерді тарту және өзекті зерттеулерге тапсырыстарды жедел қалыптастыру жұмысын күшейтеді.

«Заң мен тәртіп» қағидаты шеңберінде Ішкі істер министрлігі 20 ақпанға дейін мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, әлеуметтік, экономикалық және цифрлық салалардағы алаяқтық фактілер мен схемаларды анықтау, жолын кесу және ашу бойынша жүйелі шаралар әзірлеуі қажет. Сонымен қатар иммиграциялық алаяқтықтың, шетел азаматтарының заңсыз тұруын заңдастыру арналарының жолын кесу жөнінде қосымша шаралар әзірлеген жөн.

Заң үстемдігін және құқық бұзушылықтар үшін жазаның бұлтартпас қағидатын сақтау бойынша барлық деңгейде тұрақты жұмыс жүргізілуі тиіс екені атап өтілді.

Президент дәстүрлі құндылықтарды қорғау, неке және отбасы институтын нығайту, зиянды нәрселерді, ерсі қылықтарды насихаттауға тосқауыл қою қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты Әділет министрлігі мен барлық мүдделі мемлекеттік орган нормативтік құқықтық актілерге талдау жүргізіп, оларды жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізуі тиіс.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы мемлекеттік рәміздерге құрметпен қараудың маңыздылығын атап өтті. Мәдениет министрлігіне мемлекеттік рәміздерді пайдалануды реттеуді жетілдіру мақсатында Қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге егжей-тегжейлі талдау жүргізу тапсырылды.

Мәдениет, Қаржы және Ұлттық экономика министрліктеріне бірқатар өңірдегі театр құрылысы мен реконструкциялау жұмыстарын қаржыландыруды, сондай-ақ Қазақстанның мәдени мұра нысандарын және Абайдың «Қара сөздерін» ЮНЕСКО тізіміне енгізу рәсімін сүйемелдеу тапсырылды.

Премьер-министр білім беру саласын мемлекеттік қаржыландыру тетігін реформалау, жаңадан ашылатын жекеменшік мектептерде мемлекеттік тапсырысты орналастыруға мораторий енгізуді және Оқу-ағарту министрлігіне бір ай ішінде жекеменшік оқу орындарына лицензиядан кейінгі бақылау жүргізуді тапсырды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорын Қаржы министрлігінің қарамағына беру туралы Үкіметтің шешімін қолдады.

Бұрын жүргізілген ақпараттық медициналық жүйелерді талдау нәтижелері бойынша тиісті тексерулер басталып кетті, кінәлі тұлғалар жауапқа тартылады. Қаражатты пайдаланудың ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ету үшін биылғы 1 шілдеге дейін МСӘҚ ақпараттық жүйесін Денсаулық сақтау министрлігі жүйесіне енгізу тапсырылды.

«Мемлекет басшысының барлық тапсырмасы елімізді ауқымды жаңғыртудың бірыңғай ұзақмерзімді стратегиясымен үндесіп жатыр. Оларды жүзеге асыру барлық құрылымның нақты әрі үйлесімді жұмысына байланысты. Әрбір басшы дербес жауапты болады», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-министр Президент тапсырмаларының орындалуын тікелей өз бақылауына алатынын жеткізді.