Қытай Халық Республикасымен ынтымақтастық Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметінің трансшекаралық өзендерді пайдалану және қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы 2001 жылғы келісім аясында жүзеге асырылады.
Мысалы, Қорғас өзенінде бірлескен гидротораптың құрылысы және Сүмбе өзеніндегі су бөлу құрылғысын реконструкциялау, бұл өзендердің су ресурстарын тең пропорцияда бөлуге мүмкіндік берді. Аталған құрылымдар екі елдің инженерлік және ғылыми әлеуетінің бірлескен үлгісі болып табылады.
«Сонымен қатар Үлкен Ұласты өзенінде бірлескен су бөлу құрылғысын салу бойынша келісім бар. Қазіргі уақытта біз ынтымақтастықтың жауапты кезеңіне – трансшекаралық өзендерде суды бөлу бойынша Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы Үкіметтері арасындағы Келісім жобасын дайындауға кірістік. Бүгінде жұмыс топтарының 15 отырысы өтті. Айта кету керек, суды бөлу жөніндегі келіссөздерді Қытай тек біздің елмен жүргізеді және біз екі ел арасындағы көршілестік пен теңқұқылы қатынастарды су мәселелері бойынша одан әрі жалғастырамыз», – деді спикер.
Сондай-ақ жүргізілген келіссөздер нәтижесінде Іле өзенінің шекаралық гидробекетінде су келу деңгейі орташа көпжылдық нормасында қамтамасыз етіледі. Мұндай тәсілдің тиімділігінің айқын мысалы ретінде Балқаш көлі көрсетілуі мүмкін. Балқаш көлін сақтау шараларын жүзеге асыру аясында соңғы екі жыл ішінде су қоймасына шамамен 30 млрд м³ су жіберілді, бұл оның деңгейін оптималды деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік берді. Қазір оның орташа деңгейі 341,9 метрді құрап отыр.


