Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БАӘ Инвестициялар министрімен келіссөз жүргізді

0
1 188

Мемлекет басшысы конференция аясында Қазақстан мен ADQ және оның еншілес компаниялары арасында қол қойылған келісімдерді жоғары бағалады.


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БАӘ Инвестициялар министрімен келіссөз жүргізді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БАӘ Инвестициялар министрі Мұхаммед әл-Сувейдимен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ. Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ-ның негіздемелік конвенциясы тараптарының 28-ші конференциясы аясында Біріккен Араб Әмірліктерінің Инвестициялар министрі, ADQ холдингінің басқарушы директоры Мұхаммед әл-Сувейдимен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мұхаммед әл-Сувейди екі ел арасындағы инвестициялық ынтымақтастықтың қарқынды дамуына көңілі толатынын айтып, бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға ерекше назар аударды.

Мемлекет басшысы конференция аясында Қазақстан мен ADQ және оның еншілес компаниялары арасында қол қойылған келісімдерді жоғары бағалады. Сондай-ақ екіжақты байланыстардың қазіргі динамикасын сақтауға дайын екенін мәлімдеді.

Кездесу барысында Қазақстан Республикасының аумағында жалпы қуаты 10 ГВт болатын төмен көміртекті энергетиканы дамыту жөніндегі меморандумға және қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясының жобасы бойынша Үкіметаралық келісімге қол қоюдың маңыздылығы атап өтілді.

Президенттің пікірінше, AD Ports Group компаниясымен арадағы тұрақты серіктестік Ақтау және Құрық порттарын Каспий теңізіндегі басты теңіз хабына айналдыруда маңызды рөл атқарады.

Сонымен қатар кездесуде Presight пен «Самұрық-Қазына» қоры арасындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективалары, сондай-ақ QazaqGaz және «Қазақстан темір жолы» компанияларының қатысуымен іске асырылатын жасанды интеллект саласындағы стратегиялық келісімдер талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда жұмыс істейтін инвесторларға мемлекет әрқашан қолдау көрсететінін айтты.