Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысы қашан өтетінін айтты

0
7 829

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай отырысын биыл ертерек өтетінін де ескертті7


Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысы қашан өтетінін айтты

ERNUR.KZ. Көп ұзамай Үкіметтің кеңейтілген отыры­сы өтеді. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» жалпыұлттық газетіне берген сұхбатында мәлімдеді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Сұхбатта Президент 2023 жыл еліміз үшін маңызды оқиғаларға толы жыл болғанын айта келе, саяси реформалардың 2024 жылы да жалғасатынын айтты.

«2029 жылға қарай жалпы ішкі өнімді қазіргіден екі есеге арттыру мәселесін басты стра­те­гия­лық мақсат ретінде белгіледім. Көп ұзамай Үкіметтің кеңейтілген отыры­сы өтеді. Онда еліміздің был­тыр­ғы әлеуметтік-экономикалық даму қо­ры­тындысы шығарылып, алдағы жұмыстың амал-тәсілдері айқындалады.
Ұлттық құрылтайдың отырыстары идеология саласындағы мәселелерді, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру ісін, қоғамның құндылықтар жүйесін жаңғырту жайын талқылайтын тиімді пікірталас орнына айналды. Бұған дейін жаздыгүні шақырылып келе жат­қан Құрылтайдың отырысын биыл сәл ертерек, көктемде өткізетін шығармыз», - деді Мемлекет басшысы.

Ол осылайша, биыл экономикалық, қоғамдық-саяси және гуманитарлық салаларда атқарылатын жұмыстың негіз­гі бағыт-бағдары бірінші тоқ­санда-ақ айқындалатынына тоқталды.

«Біз ұлт мүддесін ескере отырып, сындарлы әрі салиқалы сыртқы сая­сатты жалғастырамыз. 2024 жылы елімізде бірқатар ауқымды саммит, форумдар өтеді. Қазақстан бірнеше беделді халықаралық ұйымға, атап айтсақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске, Түркі мемлекеттері ұйымына, Аралды құтқару халықаралық қорына, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына төрағалық етеді.
Дүниежүзілік көшпенділер ойынын өткізу де еліміз үшін айтулы оқи­ға болмақ. Байрақты бәсеке ұлттық спорт пен саламатты өмір салтын дәріп­теу жағынан да, Ұлы даладағы көш­пенділер өркениетінің мұрагері саналатын бауырлас халықтардың мәдени-гуманитарлық байланысын арттыру тұрғысынан да маңызды екені сөзсіз», - деді Президент.

Оның айтуынша, ел тарихында ерекше орны бар тұлғаларға құрмет көрсету дәстүрі еліміздің жалпыұлттық бірегейлігін нығайта түсуге зор септігін тигізе­ді.

«Биыл әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаев­тың туғанына 125, даңқты батырлар Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақым­жан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл то­лады. Сонымен қатар тарихшы­лар­дың пайымдауынша, Жошы ұлысы­ның іргесі қалғанғанына – 800 жыл. Мем­лекет­­тілігі­міз­дің тамыры тым терең­де жатқанын әйгі­лейтін осы айтулы датаға орай кең ауқымды зерттеу­лер қолға алынады. Биыл Қазақстан тари­хының көптом­дығын әзірлеу жұмыс­тарын да аяқ­таймыз. Бұл – өзімізден 200-ден астам, шетелден 60-қа жуық маман жұмыл­дырылып, тыңғылықты жасалып жатқан үлкен шаруа.
Осындай маңызды оқиғалардан бөлек, күнделікті атқарылуға тиіс жұмыстар да аз емес. Бұл жылдың ел тарихында қандай орын алатыны барша азаматымыздың ерік-жігеріне де байланысты. Мен жаңажылдық құттықтауымда биыл бәріміз тұтас ұлттың өсіп-өркендеуіне куә болатынымызды айттым. Бірақ осы мақсатқа жету үшін біз бір ел болып, білек сыбана жұмыс істеуіміз керек», - деді Президент.