Облыс әкімінің айтуынша, биылғы І жартыжылдықтағы жалпы өңірлік өнім 6,2 пайыз өсіммен 781 миллиард теңгені құраған.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Облыс әкімінің айтуынша, биылғы І жартыжылдықтағы жалпы өңірлік өнім 6,2 пайыз өсіммен 781 миллиард теңгені құраған. Ал жыл аяғында 7,1 пайыз өсімге қол жеткізілмек. Он айдың қорытындысы бойынша қысқа мерзімді экономикалық индикатор 112,8 пайызды көрсеткен.
Ауыл шаруашылығының дамуында оң динамика бар. Сондай-ақ өндіріс көлемі, өнеркәсіп, сауда және құрылыс салалары ілгерілей түскен. Биыл өңірде 247,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл былтырғы көрсеткіштен 4,1 пайызға артық.
Мемлекет басшысына жаңа инвесторларды тарту, облыстың инвестициялық тартымдылығын арттыру бағытындағы жұмыстар жөнінде есеп берілді.
Жыл басынан бері 1,3 есе өсіммен 327,1 миллиард теңге инвестиция тартылған. Осы ретте жеке инвестициялар саны 1,6 есе өскен. Бейбіт Исабаев 2024-2030 жылдарға арналған құны 3,5 триллион теңге болатын инвестициялық портфель қалыптастырылғанын жеткізді. Оның аясында 190 жоба қолға алынып, 11,8 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Биыл 54,9 миллиард теңгені құрайтын 48 жоба іске асырылып жатыр.
Бұдан бөлек, өңірдегі өнеркәсіп саласы туралы айтылды. Жетісу облысында 549 кәсіпорын тіркеліп, 30 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Биылғы он айда өнеркәсіп өндірісі 3,9 пайызға өскен.
Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі тың бастамаларды құптады. Сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын сақтап, тиісті жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.