Бүгінде Қазақстанда ерекше білім беруді қажет ететін балалар саны 230 мыңнан асады.
ERNUR.KZ. Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру, инклюзивті және арнайы білім беруді жүйелі түрде нығайту аясында «Психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қызметі ережелерін бекіту туралы» жаңа бұйрық қабылданды, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.
Құжат арнайы және инклюзивті білім беру ұйымдарында психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қызметінің бірыңғай жүйесін құруға бағытталған.
«Психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қызметі (ППС) — бұл білім беру процесінің қатысушыларына психологиялық-педагогикалық қолдау көрсететін алқалы орган. Ол оқушылардың, соның ішінде ерекше білім беруді қажет ететін балалардың психологиялық әл-ауқатын қамтамасыз етеді, олардың оқу мотивациясын, үлгерімін, шығармашылық әлеуетін және кәсіби өзін-өзі анықтауын дамытуға ықпал етеді», — дейді Инклюзивті және арнайы білім беру департаментінің директоры Лаура Бутабаева.
ППС құрамына білім беру ұйымының басшысының орынбасарлары, педагог-психологтар, әлеуметтік педагогтер, арнайы педагогтер, педагог-ассистенттер және кәсіби бағдар беру педагогтері кіреді. ППС жұмысын үйлестіруді білім беру ұйымының басшысының орынбасарлары жүзеге асырады.
Өткен жылы Министрлік инклюзивті және арнайы білім беру саласындағы нормативтік-құқықтық базаны кешенді түрде талдады. Оның қорытындысы бойынша 15 нормативтік-құқықтық акт бекітіліп, психологиялық-педагогикалық сүйемелдеудің үш деңгейлі моделі енгізілді, қолдау кабинеттеріне қойылатын жаңа талаптар белгіленді, ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жұмыс істеуге арналған жеке бағдарламалар әзірленді, жаңадан педагог-ассистент, арнайы педагог және жеке көмекші лауазымдары енгізілді.
Биыл наурыз айында ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау стандарты бекітілді.
Бүгінде Қазақстанда ерекше білім беруді қажет ететін балалар саны 230 мыңнан асады.