Бұл фильм көрерменге голливудтық “уақыт ілмегі” мотивін қазақы болмыс және өзекті әлеуметтік мәселелермен сәтті үйлестірген бірегей туынды.
ERNUR.KZ. 4 қыркүйектен бастап еліміздің барлық кинотеатрында әлеуметтік-драма жанрындағы Qaitadan фильмі жарыққа көрсетіле бастайды, деп жазады baq.kz.
Бұл фильм көрерменге голливудтық “уақыт ілмегі” мотивін қазақы болмыс және өзекті әлеуметтік мәселелермен сәтті үйлестірген бірегей туынды.
Фильмнің оқиғасы ауыл төңірегіндегі дамбының жарылуына байланысты өрбиді. Дамбыдағы үлкен сызат – бүкіл қазақ қоғамына арналған символдық ескерту іспеттес. Ол кез келген ұсақ-түйектің қауіпсіздік пен жауапкершілік тұрғысынан маңызды екенін жеткізеді.
“Қайтадан” туындысы – қоғамды төтенше жағдайларға немқұрайлы қарамауға, ескерту сигналдарына дер кезінде үн қатып, бірлікпен әрекет етуге шақырады. Бас кейіпкер – қала баласы Рауан. Ол ҰБТ-дан сүрінген соң, ата-анасы сабақ болсын деп шалғайдағы ауылға апарып тастайды. Бірақ тағдыр оны күтпеген сынаққа салады: Рауан бір күннің тұзағынlа қалады. Әр күннің соңында дамбы қирап, апат болады. Кейіпкер уақыт ілмегінен шығу үшін тек өзін ғана емес, бүкіл ауылды құтқаруы керек екенін түсінеді.
Фильмнің идеясы маған 2020 жылы келді. Сол жылы Алматы облысындағы Күрті ауылында бір түсірілімде жүргенбіз. Сол ауылдың шетінде үлкен дамбыны көріп, “егер жарылып кетер болса, ауылдың түгі қалмайды ғой” деген ой келді. Ақыры осы идеяны дамыта келе, “Қайтаданның” сценарийін жазып шықтық, - дейді фильм режиссері және сценарий авторы Думан Еркімбек.
Оның айтуынша, фильмде адамдардың басына түскен сынақ, тығырықтан шығу кезіндегі әрекеттер, ой салатын идея бар. Көркем туындыда осындай айтпай келетін апаттардың алдын алу, оқиғаны болдырмау, себебі мен салдары сынды бағыттар қамтылған.
Апат айтып келмейді. Осы фильм арқылы қандай да бір тосын жағдай болса, еліміздің әрбір азаматы қалай әрекет ету керегін көрсетуге тырыстық. Жалпақ тілмен айтар болсақ, бұл – есею туралы фильм. Фильм үшін жай ғана декорация емес, толыққанды ауыл тұрғызылды. Оған қоюшы суретшілеріміз бас-аяғы 3 ай уақыт жоғалтты. Осы арқылы біздің мамандардың ауқымды ғана емес, өте креативті декорацияларды да жасай алатынын дәлелдедік деп ойлаймын. 300-ден астам массовка, ондаған дрон, екі үлкен түсірілім тобы қатысқан эвакуация мен дамбының жарылу сахналарын түсіру қиынға соқты. Жалпы, өте масштабты, техникалық тұрғыдан қиын жоба болғандықтан, әрбір түсірілім күні сынаққа толы болды. Әлбетте, бұл жұмыстарды атқару оңай болған жоқ. Дегенмен жұмыс тобының жобаға деген сенімі мен ауызбіршілігінің арқасында бәрін өткердік. Ең бастысы – көрерменге сапалы, ой саларлық терең туынды ұсынғымыз келді. Қалғанын халық бағалайды, - деп айтты фильмнің бас продюсері Жалын Тілеуберген.
Фильм Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының көмегімен түсірілді. Бас рөлдерде отандық жас актерлер Жасұлан Көпберген, Ермек Шынболатов және Шұғыла Ешенова түскен. Екінші планда Алмат Сақатовты, Ержан Нұрымбетовты және Әшім Ахметовты көруге болады.
“Қайтадан” – тек уақыт ілмегінің символы ғана емес, өз болашағы мен қоғам игілігі үшін күрес жолын қайта ойлануға шақыратын фильм.