Рэпер Qarakesek тағы қамауға алынуы мүмкін - ІІМ

0
73

Омар Амантаев (Qarakesek) Ақтөбеде ұстағаннан кейін, әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сот оны көлікті мас күйде басқарғаны үшін кінәлі деп тапты.


Рэпер Qarakesek тағы қамауға алынуы мүмкін - ІІМ

Фото: instagram.com/qarakesek_west

ERNUR.KZ. Полиция танымал рэп-орындаушы Qarakesek-ке қатысты есірткі сақтады деген күдікпен соталды тергеу жүргізіп жатыр, деп жазады tengrinews.kz.

ІІМ мәліметінше, Омар Амантаев (Qarakesek) Ақтөбеде ұстағаннан кейін, әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сот оны көлікті мас күйде басқарғаны үшін кінәлі деп тапты. Амантаев 15 тәулікке қамауға алынды, сонымен қатар жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды.

"Есірткі заттарын сақтау дерегі бойынша Қылмыстық кодекстің 296-бабы 2-бөлігі "Есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау" бойынша соталды тергеу жүргізіліп жатыр", - деп хабарлады ІІМ Tengrinews.kz редакциясының ресми сауалына жауап ретінде.

Егер музыкант есірткіні заңсыз сақтағаны үшін кінәлі деп танылса, оған 160 АЕК-ке дейін (2025 жылы - 629 120 теңге) айыппұл немесе 160 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не болмаса 40 тәулікке дейінгі қамау жазасы тағайындалуы мүмкін.

Бұған дейін рэпердің тек әкімшілік қамауға алынғаны хабарланған болатын. Есірткі сақтау дерегі бойынша қылмыстық іс жөнінде полиция айтпаған еді.

Еске салайық, қыркүйектің басында Ақтөбе полициясы 31 жастағы рэп-орындаушыны есірткіге масаң күйде ұстаған болатын. Одан ұнтақ тәрізді заты бар зип-пакет табылған.