Мәжілісте өткен баспасөз мәслихатында тілшілер министрден Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздігін қорғау және Ресей телеарналарына шектеу қою жайында сұрады.
ERNUR.KZ. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Қазақстанда ресейлік телеарналар соттың шешімімен бұғатталатынын айтты, деп жазады ҚазАқпарат.
Бүгін Мәжілісте өткен баспасөз мәслихатында тілшілер министрден Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздігін қорғау және Ресей телеарналарына шектеу қою жайында сұрады.
«Әрине, ақпараттық қауіпсіздік біздің басым бағыттарымыздың бірі. Бірақ біз соттың үкімімен ғана шектей аламыз. Осыған байланысты азаматтарымыздың шағымы мен сот үкімі болса, біз оны орындаймыз. Заң бұзу деректері тіркелсе, осы орайда соттың шешімі болса, онда бұл шешім орындалады. Қазір жалпы мониторинг жүргізіп отырмыз. Бұған қатысты көптеген мәселе Сыртқы істер министрлігінің құзыретінде», - деді Д. Қыдырәлі.
Ведомство басшысы Қазақстан азаматтарының дұрыс ақпарат алуына ерекше назар аударылып отырғанын айтты.
«Сондықтан бұл мәселені пысықтап жатырмыз. Жаңа айттым, бұл мәселе Сыртқы істер министрлігі мен соттың құзыретінде. Біздің министрлік өз бетінше ондай шектеумен айналыспайды. Жалпы, азаматтардың пікірін біз қазір көріп отырмыз, мониторинг жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, бұл мәселесі бойынша соттың шешімі болса, қарастырамыз», - деді министр.