Республика күні қарсаңында мәдениет және өнер қайраткерлері марапатталды

0
122

Салтанатты іс-шара шығармашылық ұжымдардың қатысуымен өткен мерекелік концертпен қорытындыланды.


Республика күні қарсаңында мәдениет және өнер қайраткерлері марапатталды

ERNUR.KZ. Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» орталық концерт залында Республика күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Іс-шараға көрнекті мәдениет және өнер қайраткерлері, журналистер, ақпарат саласының қызметкерлері қатысты. ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева сөз сөйлеп, қатысушыларды мерекемен құттықтады, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

«Сіздердің қажырлы еңбектеріңізді ескеріп, Президентіміз бүгін мемлекеттік наградалар туралы жарлық шығарды. Бұл барлығымыз үшін үлкен сүйінші хабар. Себебі, әр адам үшін өз еңбегінің бағалануы – үлкен бақыт. Бұл біздің салаға берілген жоғары баға әрі мәртебе деп білеміз», – деді Аида Балаева.

Министр ҚР Президентінің атынан елдің дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар мәдениет және өнер саласының қайраткерлеріне марапаттар табыстады. Атап айтсақ, Мемлекет басшысының Жарлығымен белгілі эстрадалық әнші Майра Ілиясоваға және «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры бас дирижерінің орынбасары Абзал Мұхитдинге «Қазақстанның халық әртісі» атағы берілді.

Сондай-ақ, Қазақ ұлттық өнер университетінің доценті Әлиби Әбдінұров, «Астана Балет» театрының балет солисі Айнұр Әбілғазина, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының балет труппасының тәлімгер ұстазы Дамира Зайнуллина, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының кеңесшісі Ғазиза Ғабрахимова, Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының әртісі Бақыт Жұмағұлова, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының әртісі Сүлеймен Ибрагимов, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Назира Мұқышева, Астана қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Ғазиза Нұрғалиева, Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының актрисасы Рымкеш Омарханова, Қазақ ұлттық өнер университетінің аға оқытушысы Алма Сырбаева, Қазақ ұлттық өнер университетінің «Дәстүрлі ән» кафедрасының меңгерушісі Ербол Сарин «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағымен марапатталды.

Мемлекет басшысының Жарлығымен бірқатар азаматтарға «Парасат», ІІ дәрежелі «Достық», «Құрмет» ордендері, «Ерен еңбегі үшін» және «Шапағат» медальдары табысталды.

Сонымен қатар, елуден астам ведомстволық наградалар, құрмет грамоталары мен алғыс хаттар тапсырылды.

Салтанатты іс-шара шығармашылық ұжымдардың қатысуымен өткен мерекелік концертпен қорытындыланды.