Риддер қаласындағы жалғыз қазақ мектебі жабылды

0
1 358

Риддер – Шығыс Қазақстан облысындағы екінші үлкен қала.


Риддер қаласындағы жалғыз қазақ мектебі жабылды

ERNUR.KZ. Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы "Шаңырақ" атты жалғыз қазақ мектебі жабылды. Мектептің білім алушылары белгісіз мерзімге басқа оқу орнына көшіп кеткен, деп жазады stan.kz.

2023 жылдың басында мектеп оқушыларының ата-аналары дабыл қағып, білім ошағын қауіпті деп жариялауды талап етті. Жергілікті тұрғындар ғимараттың тозығы жеткенін, шатырдың кез келген уақытта опырылып қалуы мүмкін екенін айтты. Ата-аналардың өтініші бойынша Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы ғимаратқа сараптама жүргізді.

"Мектеп апатты жағдайда емес деген сараптамалық қорытынды бар. Бірақ іргетас пен жылу жүйесіне байланысты күрделі жөндеуге жататын жергілікті жөндеу қажет. Сондықтан балаларды уақытша көшіру туралы шешім қабылданды. Олар қазір №11 мектепте білім алуда", - деді ШҚО білім басқармасының басшысы Инесса Чернышева.

Оның айтуынша, "Комфорт мектебі" бағдарламасы бойынша қалада жаңа мектеп салынғанша "Шаңырақ" оқушылары №11 мектепте білім алады. Жоспар бойынша ол 2024 жылы пайдалануға берілуі тиіс еді. Алайда нысанды өткізу мерзімі одан көп уақытты алуы мүмкін.

Риддер – Шығыс Қазақстан облысындағы екінші үлкен қала. Қалада 60 мыңға жуық адам тұрады, халықтың 80 пайызы орыстар. Қалада 16 орыс мектебі және төрт аралас мектеп бар.