Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, оқиға орнынан 5 адам ауруханаға жеткізілген.
Шығыс Қазақстан облысында өрт сөндіру көлігі апатқа ұшырап, бір адам қаза тапты, деп хабарлайды ERNUR.kz ktk арнасына сілтеме жасап.
Риддер қаласындағы Чапаев көшесімен өртті ауыздықтауға асығып бара жатқан ЗИЛ-130 көлігі бұрылыста аударылып қалған. Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, оқиға орнынан 5 адам ауруханаға жеткізілген. Оның бірі жансақтау бөлімінде көз жұмды. Қайғылы жағдай бойынша Қылмыстық кодекстің 345 бабының 3 тармағына сәйкес соталды тергеу жұмыстары басталды. «Оқиғаның мән-жайы зерттелуде. Төтенше жағдайлар бөлімі көліктің арнайы жарық белгілерін қосып қозғалғанын айтып отыр. Ол белгіні алда кетіп бара жатқан жеңіл көлік елемеген. Жүргізуші әлгі көлікті басып озбақ болған кезде апат болған. Жеңіл көлік оқиға орнынан ізін суытып үлгерді. Қазір оған іздеу жарияланды» - делінген департамент таратқан ақпаратта. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті қайтыс болған өрт сөндірушінің есімі Владимир Синельников екенін мәлімдеді. 46 жастағы бөлімше командирінің артында 3 баласы қалды.