Балабақшаға курстар ата-аналар сұранысына сай енгізіліп отыр. Яғни ата-аналар балаларын қанша тілде оқытатын балабақшаға жіберетінін өзі шешеді.
ERNUR.KZ. Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартында бүлдіршін үш тілді қатар меңгеруі керек деп жазылмаған. Балабақшаға курстар ата-аналар сұранысына сай енгізіліп отыр. Яғни ата-аналар балаларын қанша тілде оқытатын балабақшаға жіберетінін өзі шешеді. Бұл туралы бүгін ҚР білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев президенттің Қазақстан халқына Жолдауы аясында мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту, оның ішінде балалардың ерте дамуына арналған бағдарламалардың бірыңғай стандарттарын енгізу мәселелері бойынша өткізілген отырыс кезінде айтты, деп жазады sputniknews.kz.
Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Мұрат Бахтиярұлы балабақшаларда бүлдіршіндерді үш тілде оқытудың кері әсері болуы мүмкін екендігіне тоқталды. Айтуынша, осыдан 25 жыл бұрын балабақшада үш тілде оқытуды жүзеге асырған мемлекеттер бүгінде үлкен қиындыққа тап болып отыр. Мұнымен қатар, маман шетелдік профессормен осы тақырып төңірегінде пікір алмасқанын жеткізді. Өз кезегінде ҚР білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев балабақшаларға неліктен ағылшын тілі курстары енгізілгенін түсіндіріп өтті.
"Соңғы уақытта балаларды үш тілде оқытуға қатысты ата-аналар тарапынан ұсыныс көп түскенін байқадық. Осы мәселеге келгенде біздің ұстанымымыз – ата-аналар өздері шешсін. Балаларын үш тілді балабақшаға бергісі келсе, берсін. Керісінше балаларының бір тілді ғана меңгергенін қаласа, оны да өздері шешсін. Бастысы біз бүлдіршіндерге үш тілді қатар меңгеруге жағдай жасап отырмыз", — деді Ерлан Сағадиев.
Министрдің жауабынан кейін әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Сергей Ершов бұл жауапты әлі де түсінбегенін жеткізді. Мұнымен қатар, маман министрден бүлдіршін мектепке қандай білім қорымен баруы керектігін сұрады. Министр өз кезегінде бүлдіршіндердің шетел тілін меңгерулеріне қатысты қандай да бір мемлекеттік стандарт жоқтығын айтып өтті.
"Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартын бекіту кезінде балабақшаларға қойылар талап аз. Яғни бүлдіршін мектепке барғанға дейін белгілі бір деңгейде білімді болуы керек деп талап қоймаймыз. Сондай-ақ, бекітілген стандартта бала үш тілді қатар білуі керек деп жазылмаған. Егер балабақша ата-аналар сұранысына сай қандай да бір курс енгіземіз десе, біз қарсы емеспіз. Тек міндетті түрде министрлік тапсырған 25 минуттан 2-3 сабақтарын өткізсе болғаны", — деді білім және ғылым министрі.
Мұнымен қатар, министр әр баланың қызығушылығы әртүрлі болатынын айтып өтті. Біреулері тіл үйренуге қызықса, екіншілері роботехникамен айналысқанды ұнатады.
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы бойынша 10 314 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оларда 1-6 жастағы 880 мың бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр. Ал 1-3 жас аралығындағы балалар жалпы 40 мемлекеттік және 1 350 жекеменшік балабақшаға барып жүр. Олардың ішінде 130 мың баланың ата-анасы мемлекеттік балабақшаны таңдаса, 47 мың ата-ана балаларын жекеменшік балабақшаларға беруді ұйғарды.