Сайлау-2019: Ең бірінші Жапония мен Кореядағы сайлау учаскелері ашылады

0
1 612

ең ірі сайлау учаскесі Қазақстанның Бейжіңдегі елшілігі жанынан ашылып отыр.


Сайлау-2019: Ең бірінші Жапония мен Кореядағы сайлау учаскелері ашылады

ERNUR.KZ. Алдын ала мәліметтер бойынша, 2019 жылдың 9 маусымында өтетін ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында Қазақстан аумағынан тысқары жерлердегі шамамен 13 мыңнан астам қазақстандық дауыс береді, деп жазады ҚазАқпарат.

«Қазақстан аумағынан тыс жерлерде ел азаматтарының дауыс беруі «Сайлау туралы» заңның 42-бабына сәйкес тәртіппен жүзеге асады. Сайлау учаскесі бәрінен бұрын Жапония мен Кореяда ашылады, бұл Нұр-Сұлтан уақытымен таңғы сағат 4-те. Уақыт айырмашылығына байланысты ең соңында, 9 маусым күні сағат кешкі 17-де АҚШ пен Канада елдеріндегі сайлау учаскелері іске кіріседі», - делінген СІМ таратқан ақпаратта.

Мәліметке сүйенсек, сайлау бюллетеньдері тізімге енгізілген ҚР азаматының паспортын, дипломатиялық төлқұжатын, қызметтік немесе жеке бас куәлігін көрсеткенде беріледі. Дауыс беруді арнайы ғимараттардан тыс жерлерде ұйымдастыру барысында дауыс беру жәшігін апару сайлау комиссиясының екі мүшесі бірге жүреді. Учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері бұл туралы байқаушыларға, Президентке кандидаттың сенімді тұлғаларына ақпараттандыруы тиіс.

«Дауыс беру уақыты аяқталғаннан кейін шетелдік учаскелік сайлау комиссиясы сайлаушылардың даусын санап, оның қорытындысы туралы хаттама толтырады. Бұл хаттама мен басқа да сайлау құжаттары Қазақстанның дипломатиялық өклдіктері мен консулдық мекемелері арқылы жолданады», - делінген түсіндірмеде.

Еске салайық, бұған дейін хабарлағанымыздай, 2019 жылдың 9 маусымында өтетін ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына орай әлемнің 51 елінде 65 сайлау учаскесі құрылған. Шетелдегі сайлау учаскелерінің мекенжайын mfa.gov.kz және www.election.gov.kz сайттарынан білуге болады.

Жалпы, ең ірі сайлау учаскесі Қазақстанның Бейжіңдегі елшілігі жанынан ашылып отыр. Дәл осы сайлау учаскесі 1 600-ден астам сайлаушыны қабылдайды.

Қытайда Бейжің қаласынан бөлек Шанхай, Гонконг және Үрімші қалаларында сайлау учаскелері жұмыс істейді. Бұл елде 2 мыңнан астам Қазақстан азаматы дауыс береді деп күтіліп отыр. Ресейде де 1 600-ден астам сайлаушы Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан, Омбы, Астрахан қалаларындағы сайлау учаскелерінде дауыс бере алады. Түркияның Анкара, Ыстанбұл және Анталия қалаларында шамамен 1300 адамға арналған сайлау учаскелері жұмыс істейді.