2023 жылдың 9 қарашасына қараған түні Салтанат Нүкенова Астанадағы BAU мейрамханасында бұрынғы күйеуі, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың қолынан қаза тапқан.
Фото: Айтбек Амангелдінің желідегі парақшасынан
ERNUR.KZ. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан көз жұмған Салтанат Нүкенованың есімі Қазақстанның маңызды тұлғалары пантеонына енгізілді. Бұл туралы марқұмның бауыры Айтбек Амангелді айтты, деп жазады stan.kz.
Айтбек Амангелдінің айтуынша, ол анасымен бірге Қостанай облысындағы "Амангелді" кешеніне барып, мемориалдық қабырға мен пантеонды арнайы көрген.
"Бұл пантеонда Қазақстан тарихындағы маңызды тұлғалардың арасында Салтанаттың есімі жазылған мемориалдық тақта орнатылды. Бұған дейін біз Павлодардан топырақ алып келіп, ескерткішке капсула түрінде тапсырғанбыз. Мұнда Салтуды ел тарихына әсер еткен тарихи тұлғалардың қатарына қосқан. Бұл жолға шыққан әрбір шақырым мен сағаттың бәрі соған тұрды", – деп жазды Айтбек Амангелді.
Еске салайық, 2023 жылдың 9 қарашасына қараған түні Салтанат Нүкенова Астанадағы BAU мейрамханасында бұрынғы күйеуі, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың қолынан қаза тапқан. Ол әйеліне бірнеше рет соққы жасап, бірнеше сағат бойы жедел жәрдем шақырмай, көмек көрсетпеген.
2024 жылдың 13 мамырында сот Қуандық Бишімбаевты азаптау және адам өлтіру баптары бойынша кінәлі деп тауып, оны 24 жылға бас бостандығынан айырды. Бұл іс Қазақстан тарихындағы ең резонансты істердің бірі болды. Қоғамда зорлық-зомбылыққа қарсы кең талқылаулар мен наразылықтар өрбіді. Әйелдердің құқығын қорғаушылар, заңгерлер және белсенділер отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы заңдарды күшейтуді талап етті. 2024 жылдың басында президент Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің құқықтарын қорғау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі заңға қол қойды. Халық арасында бұл құжат "Салтанат заңы" деп аталып кетті.
Жаңа заң 2024 жылдың 16 маусымынан бастап күшіне енді.