Салық төлемегендердің есепшоты бұғатталады деген ақпарат жалған

0
1 440

Бұл ақпаратты Мемлекеттік кірістер комитеті жоққа шығарды


Салық төлемегендердің есепшоты бұғатталады деген ақпарат жалған

ERNUR.KZ. Әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде салық берешегі бар жеке тұлғалар 2018 жылдың 1 қазанынан бастап барлық банктік қызметтерді ала алмайтыны жөнінде ақпарат тарап жатыр. Бұл ақпаратты Мемлекеттік кірістер комитеті жоққа шығарды, деп жазады ҚазАқпарат.

Салық берешегі бар жеке тұлғалар нені білуі керек? Жеке тұлғалардың өткен жылдың мүлік және жер салығын төлеу мерзімі 2018 жылдың 1 қазанында өтеді. Жоғарыда көрсетілген мерзімде салықты төлемеген жағдайда, жеке тұлғада берешек пайда болады. Ол сомаға күнде өсімпұл есептеледі. Ол берешекті қосқанда салық төлеушінің жалпы қарызының сомасын құрайды.

Банктер салыққа қарыз, әлеуметтік төлемдер бойынша берешегі бар салық төлеушіге (заңды тұлғаларға да, дара кәсіпкерлерге де, жеке тұлғаларға да) банк шотын ашудан бас тарту міндетін қарастыратын Салық кодексінің ережесі 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап заңды күшіне енгізілген (Салық кодексінің 24-бабы 15) тармақшасының төртінші азат жолы).

Аталған норма мемлекеттік бюджеттен және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді алуға арналған банктік шоттарды, «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жасалған білім беру жинақтау салымы туралы шарт бойынша банктік шоттарға таратылмайды.

Яғни, егер ондай тұлғада салықтық берешек бола тұра, осы мақсатта жеке тұлға банктен шот ашатын болса, банктің оны ашудан бас тартуға қақысы жоқ.

Салық кодексі бойынша, салықтық, әлеуметтік төлемдер бойынша берешегі бар тұлғаларға басқа банк қызметтері көрсетіле береді.

Салық төлеушілер қарызы бар-жоқтығын Комитеттің интернет-ресурсында және «Электронды үкімет» порталында тексере алады.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта мемлекеттік кірістер органдарына келетін салық төлеушілер санының күрт өсуін ескере отырып, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті мынадай шараларды ұйымдастырды: - қызмет көрсету орталықтарының жұмыс уақыты 20.00 дейін ұзартылды;

сайтта есептелген салықтар бойынша ақпаратты алу үшін мемлекеттік кірістер органдарының телефон нөмірлері жұмыс істеп тұр.

Салық төлеушілерге қызмет көрсету үшін қосымша қызметкерлер бөлінді; - қызмет көрсету орталықтарына сенбі, 2018 жылдың 29 қыркүйегін жеке тұлғаларға қызмет көрсету үшін толық жұмыс күні деп белгілеуге ұсыныс жасалды.