Салықтан жалтарған блогерлерге қатысты қылмыстық іс қозғала ма – ҚМА жауап берді

0
238

Бұған дейін жүздеген адамның өз декларациясында табысты 53,3 миллиард теңгеге төмендетіп көрсеткені белгілі болды.


Салықтан жалтарған блогерлерге қатысты қылмыстық іс қозғала ма – ҚМА жауап берді

фото: Sputnik / Абзал Калиев

ERNUR.KZ. Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов салықтық қарызы бар блогерлер қандай жағдайда қылмыстық жазаға тартылатынын айтты, деп жазады sputnik.kz.
Бұған дейін салықшылар жүздеген адамның өз декларациясында табысты 53,3 миллиард теңгеге төмендетіп көрсеткенін мәлімдеді. Олардың ішінде блогерлер де бар. Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесовтың айтуынша, әзірше блогерлердің салық бойынша берешегіне қатысты қылмыстық іс қозғалған жоқ.
"Иә, мен блогерлер туралы ақпаратты оқыдым. Үлкен сомалар жарияланды. Иә, қаржылық мониторинг агенттігі қылмыстық іс қозғай алады. Бірақ оған дейін құзіретті мемлекеттік орган тексеріс өткізіп, төленбеген салық бойынша мемлекетке келген нақты шығынның сомасын көрсетуі керек", - деді Елемесов мәжілісте өткен брифингте.Оның сөзіне қарағанда, заңда нақты сома белгіленген. Егер одан артық болса, онда қылмыстық іс қозғалады. Ал төмен болған жағдайда блогер әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Айта кетері, заң бойынша бюджетке төленбеген салықтың көлемі 50 000 АЕК-тен (2025 жылда 196 600 000 теңгеден) асқан жағдайда қылмыстық іс қозғалады. Ал Қылмыстық кодекстің 245-бабы (бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiтөлеуден жалтару) бойынша 2 000 АЕК-ке (7 864 000 теңгеге) дейiнгi айыппұл не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, я болмаса, 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстар немесе үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.