Сәуірден бастап қазақстандықтардың мобильді аударымдары тексеріліп, салық органдарынан хабарлама жіберіледі

0
95

2025 жылдың қарашасында кәсіпкерлік табыс белгілері бар мобильді аударымдарға қатысты жаңа критерийлер бекітілген.


Сәуірден бастап қазақстандықтардың мобильді аударымдары тексеріліп, салық органдарынан хабарлама жіберіледі

Фото: freepik.com

ERNUR.KZ. 2026 жылғы 15 сәуірге дейін банктер қазақстандықтардың күмәнді аударымдары туралы ақпаратты салық органдарына береді. Осы мерзімнен кейін жасырын кәсіпкерлікпен айналысты деген күдікке ілінгендерге хабарлама жіберіле бастайды, деп жазады stan.kz.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2025 жылдың қарашасында кәсіпкерлік табыс белгілері бар мобильді аударымдарға қатысты жаңа критерийлер бекітілген. Бұл талаптар 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді.

Аталған критерийлерге сәйкес, банктер салық органдарына мәліметтерді әр тоқсан сайын, тоқсан аяқталғаннан кейінгі айдың 15-інен кешіктірмей ұсынуы тиіс.

"Осылайша, белгіленген талаптар бойынша банктерден түсетін алғашқы мәліметтер салық органдарына биыл бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша 15 сәуірге дейін жеткізіледі", – деп хабарлады ведомство.

Салық органдарының мәліметінше, егер бір адам үш ай қатарынан ай сайын 100 түрлі адамнан ақша аударымын алса және олардың жалпы сомасы 12 ең төменгі жалақыдан, яғни 1 миллион теңгеден асса, мұндай аударымдар күмәнді деп есептеледі.

Егер аударымдар осы талаптардың барлығына сай келсе, банктер ол туралы мәліметтерді салық органдарына жолдайды. Мысалы, қазақстандық азамат қаңтар айында 111 адамнан, ақпанда 120 адамнан, наурызда 117 адамнан ақша алып, үш айдағы жалпы сома 1 миллион теңгеден асқан жағдайда, ол салықтық тексеруге ілігеді.