Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау және олардың атын өшірмеу - тұтас қазақ қоғамының азаматтық парызы.
иллюстрациялық фотолар: ашық дереккөзден
Адамзат әлеміндегі ең ауыр кезеңдердің бірі – саяси қуғын-сүргін. Әсіресе, қазақ халқына ауыр апат болған бұл жүйе миллиондаған жазықсыз адамның тағдырына балта шапты десек, қателеспейміз. Сондықтан қылышынан қан тамған бұл саясаттың құрбандарын ақтап, ардақтау – бүгінгі және болашақ ұрпақтың парызы. Тиісінше, 2020 жылдың 24 қарашасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойып, осы бағытта ауқымды жұмыстар қолға алынған еді. Қазіргі таңда игілікті іс-шаралар жемісін беріп, арнайы құрылған комиссия мүшелері көпшілікке қуаныш сыйлап келеді. Бүгінгі мақаламыз осы тақырып аясында өрбімек.
Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, «саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның» бірінші жиыны 2020 жылдың 3 желтоқсанында сол кездегі Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Астанада өткен болатын. Мемлекеттік комиссия құрамына ҚР Президент Әкімшілігі мен Үкіметінің өкілдері, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжіліс депутаттары, мүдделі мемлекеттік ұйымдардың басшылары, қоғамдық ұйымдардың қызметкерлері мен еліміздің ғалымдары – жалпы саны 49 адам кірген. Олардың мақсаты – кеңестік дәуірдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық санаттарына қатысты тарихи шындықты ашып, толық орнына келтіру болатын. Тиісінше, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссияның жобалық кеңсесі ұйымдастырылып, ғалымдар мен сарапшылардан жасақталған 11 жұмыс тобы құрылған. Әр топ өз қызметін қуғын-сүргін құрбандарының санатына сәйкес, белгілі бір әдістемелер аясында және тақырыптық жоспар бойынша жүзеге асыратын болған. Архивтік құжаттарды жинақтау, зерделеу және Мемлекеттік комиссия қорытындысына дайындаудың әдістемесі мен ережесі де әзірленіп, өңірлерде құрылған комиссиялардың жұмысы жандана түскен. Құрамына ғалымдар, көрнекті қоғам қайраткерлері және мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдері алынған комиссияларды өңір әкімдерінің орынбасарлары басқаруда.
Ал, 2021 жылдың 8 сәуірінде Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның екінші жиыны өтті. Бұған дейін комиссия жұмысын үйлестіру жұмыстары аяқталып, еліміздің түрлі архивтерінде ғалымдар мен сарапшылар зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатқан. Зерттеу топтарының барлық мүшелері жабық және арнайы архивтерде жұмыс істеуге рұқсат та алған болатын.
Содан соң саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау процесіне қатысты ғылыми бағдарлама әзірленді. Ол «Қазақстанда 20-ғасырдың 20-50 жылдарындағы жаппай саяси қуғын-сүргін және ақтау процесі» бірыңғай деректер базасы тақырыбымен дайындалған. Осы кезде саяси қуғын-сүргін мәселелері бойынша мұрағат материалдарының арнайы қоры да құрылды. Ол қор комиссия қызметінің шеңберінде құпия белгісі алынан құжаттармен толықтырылып отырды.
Осы орайда, ақтау жұмыстары Қазақстан халқы Ассамблеясын айналып өтпей, бұл комиссияның жұмысына екі кіші комиссия, 11 жұмыс тобы, 17 аймақтық комиссиядан бөлек, этномәдени бірлестіктердің өкілдері де белсенді қатысып келе жатқанын атап өту қажет. Демек, бұл жұмыстардың нәтижесінде тек қазақ ұлтынан шыққан құрбандарға ғана емес, қилы заманда қазақ жеріне жер аударылған 62 этнос өкілдеріне де қатысты тарихи әділеттілік орнап жатыр деген сөз.
2021 жылдың 24 маусымында Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссиясының үшінші жиыны өтті. Бұл жиында өңірлердегі комиссиялардың жұмысын үйлестіру және олардың міндеттеріне қатысты мәселе қаралып, сол кездегі Білім және ғылым министрі, Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің меңгерушісі мен бірқатар өңір басшыларының орынбасарлары баяндама жасады. Онда өңірлік комиссиялардың жетекшілері мен сарапшы ғалымдардың бірге атқаратын жұмыстарын үйлестіру, қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың ақпараттарын жинау, жерлеу орындарының картасын дайындау, ведомстволық және мемлекеттік архивтердің қызметін қалыптастыру мәселелері сөз болды. Сонымен қатар, комиссия жетекшісі еліміздегі тарихы терең, мәдени-рухани мұрасы мол елді мекендерде болған жағдайларды зерделеу және қалпына келтіру барысында шетелдік озық тәжірибелерді қолданудың ерекшелігіне тоқталып, тарихи оқиғаларға әлеуметтік-демографиялық тұрғыдан сараптама жүргізу өңірлік комиссиялар жұмысының маңызды бөлігі екенін де айтқан.
Мемлекеттік комиссияның бірнеше рет өткізілген жиынынан кейін оннан астам арнайы топ пен 17 өңірлік комиссияның жұмысы бір ізге түсіп, жазықсыз құрбандарды ақтау жұмыстар жүргізіле берді. Әрбір облыстағы комиссиялар, білікті ғалымдар мен зерттеушілер аталған тақырыпқа қатысты құжаттар мен деректерді қаузап, аймақтардағы қуғын-сүргін құрбандары мен Қазақстанға жер аударылған азаматтардың санын анықтады. Арнайы сөздік әзірлеуге кірісіп, ақиқаты ашылмаған істердің анық-қанығына жету жолында аянбай еңбек етті. Комиссия құрамына енбеген азаматтар да бұл процестен шеткері қалмай, шама-шарқы жеткенше тың деректерді жеткізіп отырды. Бір сөзбен айтқанда – қуғын-сүргін саясатының құрбандарын толық ақтауға ел болып күш жұмсадық. Нәтижесі де жаман болмады.
Атап айтсақ, мемлекеттік комиссия жұмысының арқасында тарихи құжаттардың біршама бөлігі анықталып, хронологиялық тәртіппен жүйеленген. Бас прокуратура 2,4 миллионнан астам материалды, ҰҚК 1,5 мыңнан астам архив істері мен құжаттарды және Ішкі істер министрлігі 5,3 мыңнан астам құжатты құпиясыздандырған. Мемлекеттік комиссия қызметінің шеңберінде прокуратура органдары жаңа деректерді анықтап, прокурорлық қадағалау тәртібімен 250 мыңнан астам азамат ақталған. Еліміздің барлық архивтеріндегі қуғын-сүргін тарихы туралы мұрағат материалдардың негізгі бөлігі орталықтың базасына біріктіріліп, жүйеге түсірілді. Ведомстволардан келген 50 мыңға жуық материал ғылыми тұрғыдан өңделіп, реставрациядан өткізіліп, цифрлық форматқа көшіріледі. Осылайша, ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы қуғын-сүргін кезеңіне қатысты барлық тарихи материалдарды сақтаудың бірыңғай мемлекеттік қоры құрылмақ. Мемлекеттік комиссия аясындағы зерттеу жұмыстарының нәтижелерін ғылыми тұрғыдан бекіту мақсатында тарихи материалдарға негізделген ғылыми жинақтардың топтамасы жарық көрді. Одан бөлек, қуғын-сүргін жасауға негіз болған ұйымдастырушылық және әкімшілік құжаттар туралы ақпаратты қамтитын екі жинақ шығарылған. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын тауып, Мемлекеттік комиссия қызметінің академиялық қоры құрылмақ.
Сонымен қоса, Мемлекеттік комиссияның деректер базасы жинақталатын және толықтырылып отыратын арнайы портал жасалатын болады. Онда ақталған, бірақ көпшілікке беймәлім Отандастарға қатысты осыған дейін бір ізге түспеген құпия емес материалдар мен деректер жарияланып, ғылыми тұрғыда жүйеленетін болады. Яғни, алдағы уақытта саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы жалпыға ортақ ақпарат көзі қалыптасып, ол әрдайым толықтырылып тұрады деген сөз.
Өз кезегінде жыл басында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия материалдарының негізінде дайындалған 31 томдық құжатпен арнайы танысты. Қазіргі комиссия жетекшісі Ерлан Қаринның сөзіне сүйенсек, Мемлекеттік комиссия қуғын-сүргін құрбандарының тарихын зерттеу, архив құжаттарын цифрландыру және электронды қорларды қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғаса бермек. Нәтижесінде жазықсыз қуғынға ұшыраған Отандастарымыз ақталып, олардың шын мәнінде кім болған өскелең ұрпаққа дәлелдейтін құжаттар молая түседі.
Сондай-ақ, елімізде қуғын-сүргін құрбандарын ақтаумен қатар, оларды ардақтап, құрмет көрсету, халық жадында мәңгіге сақтау бағытындағы жұмыстар да жыл сайын жүйелі түрде атқарылып, жанданып келеді. Осы орайда Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесіне сәйкес, «31 мамыр күні - Саяси қуғын сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні» болып белгіленген. Биыл бұл мерекеде республика көлемінде еске алу шаралары мен экскурсиялар өткізіледі. Телеарналар арқылы Алаш қайраткерлерінің мұрасы дәріптеліп, тақырыптық сериалдар мен деректі фильмдер көрсетіледі. Олардың арасында «Алаш» қозғалысына арналған жаңа бағдарламалар мен деректі фильмдер де бар екен.
Жалпы, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау және олардың атын өшірмеу тұтас қазақ қоғамының азаматтық парызы. Себебі, шын тарихын білмейтін және жалған деректерді жоққа шығара алмаған ұлттың рухы да асқақ бола қоймасы анық.
Б.Мейірханұлы,