Саяси партияларды құру мен тіркеу талабы жеңілдейді - Мәулен Әшімбаев

0
867

Әйелдер мен жастарға еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысуы үшін қосымша мүмкіндік беріледі.


Саяси партияларды құру мен тіркеу талабы жеңілдейді - Мәулен Әшімбаев

ERNUR.KZ. Саяси партияларды құру мен тіркеу талабы едәуір жеңілдейді. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

«Президентіміздің ұсынысымен бүгін қабылданып отырған заңдар елдің саяси өмірінде ерекше мәнге ие. Саяси партияларды құру мен тіркеу талабы едәуір жеңілдетіліп отыр. Партияларды тіркеудің талаптық шегі төмендетілді. Қабылданған заңдар көппартиялық жүйені одан әрі нығайтуға септігін тигізетіні сөзсіз», - деді М. Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысында

Мұнымен қоса ол әйелдер мен жастарға еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысуы үшін қосымша мүмкіндік берілетінін атап өтті.

«Сондай-ақ партиялардың сайлау тізімінде әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздың міндетті квота белгіленді. Ол әйел адамдардың және жастарға еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысуы үшін қосымша мүмкіндік береді. Мұндай өзгертулерді демократиялық даму жолындағы нақты қадам деп қарастыруымыз керек. Олар саяси жүйемізді ары қарай дамытуға үлес қосады деп сенеміз», - деді Сенат төрағасы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңы мен «Саяси партиялар туралы» Заңына өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданды.