Компания күзет басшысын қызметін асыра пайдаланған деп атады.
Фото: freepik
ERNUR.KZ. Семейде анасының қазасы үшін сұранған күзетшіні жұмыстан қуған басшы қызметінен алынды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Бұған дейін «Қазына» сауда орталығындағы LC Waikiki желісінде күзетші болған жігіттің екі күнге сұранғаны үшін жұмыстан шығып қалғаны туралы жазған едік.
Жігіттің әпкесі Елназ Талғатқызының айтуынша, анасы үйінде аяқ астынан қайтыс болған. Сол сәтте бауыры анасының қасында болған. Ол абдырап, қайғылы жағдайды әріптесіне ескертіп, бастығына жеткізуді сұраған. Алайда бастығы еш адамгершілік танытпай, жұмыстан қуып жіберген. Тіпті бұл хабарды дөрекі түрде жеткізіп, жүрегін жаралайтын сөздер айтқан.
Елназ күзет басшысының WhatsApp мессенджері арқылы жіберген дыбыстық хабарламасын жария етті.
«Анам қайтыс болды деп жазып жіберіпсің, қайтыс болған адам да, үйде қандай жағдай болса да – сенің жеке мәселең. Сен маған тікелей шығып ескертуің керек. Мен басқа адамнан естідім, үшінші болып. Мен орныңа адам алып қойдым. Жұмысқа шықпай-ақ қойсаң болады, басқасын іздей бер»,- делінген хабарламада.
Елназдың бұл мәлімдемесіне желі қолданушылары реакция білдірді. Кейін күзет басшысының жұмыстан босатылғаны туралы ресми хабарланған.


