Семейде терең шұңқырға құлап кеткен 9 жасар бала құтқарылды

0
973

Бала үйден шығып, жақын тұратын әжесіне бармақ болған.


Семейде терең шұңқырға құлап кеткен 9 жасар бала құтқарылды

ERNUR.KZ. Семейде терең шұңқырға құлап кетіп, онда 8 сағат отырып қалған бала құтқарылды, деп жазады ҚазАқпарат.

Полицияға 25 желтоқсан күні сағат 21:20-да 102 каналына Холодный ключ ауылының тұрғыны хабарласып, оның 9 жастағы ұлы жоғалып кеткенін хабарлаған. Оның сағат 15:00-де үйден шығып кетіп, қайта оралмағаны анықталды.

«Оқиға орнына кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі инспекторлар, полицияның Әуезов бөлімі жедел-тергеу тобының қызметкерлері, патрульдік полиция батальонының патрульдік жасақтары жіберілді. Олар ауыл тұрғындарымен бірлесіп іздестіру шараларын жүргізді. Сағат 23:50 шамасында автобус аялдамасының алдында терең шұңқырдан бала табылды», - деді басқарманың баспасөз қызметі.

Суық тиген жеткіншек балалар ауруханасына жеткізілді. Оған өкпе қабынуы деген диагноз қойған. Қазір баланың жағдайы қалыпты.

Кейін белгілі болғандай, бала үйден шығып, жақын тұратын әжесіне бармақ болған. Әжесінің үйінде 10 минут болып, далаға ойнауға шығып кетіп, осы шұңқырға құлап кеткен екен.