Сенат майнингке қатысты заңды мәжіліске қайтарды

0
558

Заңмен майнерлерге лицензия беру тәртібі енгізіледі.


Сенат майнингке қатысты заңды мәжіліске қайтарды

ERNUR.KZ. Сенат депутаттары цифрлық активтер туралы заң жобасын мәжіліске қайтарды, деп жазады sputnik.kz.

Заңмен майнерлерге лицензия беру тәртібі енгізіледі. Олар Қазақстанда ресми түрде тіркелуге міндетті болады. Осылайша, майнерлер заңды тұлға ретінде тіркеліп, салық салынатын субъектіге айналады. Майнинг-пулдар да экономиканың бір бөлігі болады. Лицензияны цифрлық даму министрлігі береді деген жоспар бар. Ал криптобиржалар Халықаралық қаржы орталығында орналасады және соның аясында ғана жұмыс істейді. Себебі Қазақстанда криптовалютамен төлем жасауға тыйым салынған.
Бұдан бөлек, майнерлер табыстың 75 процентін отандық криптобиржаларда айырбастауға міндеттеледі. Бұл талап 2024 жылдан бастап енгізіледі. Қолданыстағы салықтан бөлек майнерлердің сыйақысына қосарланған құн салығы, майнинг пулдың табыс салығы, сондай-ақ криптобиржадағы операциялар үшін төлем алынады.
Сенатта заңды талқылау барысында тағы бірнеше өзгеріс енгізілді. Олар:
цифрлық майнинг жөніндегі қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиялардың кіші түрлерінің атауларын нақтылау;
цифрлық майнердің қызметін жарнамалауға қатысты нормаларды алып тастау, өйткені олар "Жарнама туралы" заңда және Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексте көзделген;
заң нормаларын қолданысқа енгізу мерзімдерін нақтылау.
Мәжіліс осы өзгерістерді қабылдағаннан кейін заң бірден президенттің қол қоюына жіберіледі.
Айта кетері, бейресми мәліметке сәйкес, халықаралық криптобиржаларда бір миллионнан астам Қазақстан азаматы тіркелген. Барлығы криптовалютаны саудалайды. Оны сұр схемалар арқылы айырбастау фактілері де жоқ емес.
Ал жаңа заң бойынша криптобиржалар мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелерімен интеграцияланады. Майнингке қажетті құрал-жабдықтардың реестрі де енгізіледі. Соның арқасында заңсыз дата-орталықтарды барынша азайтуға болады.