Сенат төрағасы бизнесті қолдауға арналған бағдарламаларды жүйелеуді ұсынды

0
108

Бизнесті мемлекеттік қолдау ашық, әділ болуға тиіс.


Сенат төрағасы бизнесті қолдауға арналған бағдарламаларды жүйелеуді ұсынды

Фото: senate.parlam.kz

ERNUR.KZ. Барлық рәсім жүйелі түрде жүргізілуі керек. Бұл жөнінде Сенат отырысында Палата төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты, деп жазады inform.kz.

- Бизнесті мемлекеттік қолдау мәселесін кеңірек алып қарайтын болсақ, бүгінде бизнес мемлекет қаржысының төңірегінде шоғырланғанын байқаймыз. Әйтеуір, тендер, off-take, субсидия, кепілдік, жеңілдетілген несие, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау сияқты қолдау тетіктерін пайдаланады. Осы жұмысты жүйелеу үшін Мемлекеттік қолдау шараларының бірыңғай тізілімі құрылды. Baqylauda ақпараттық жүйесі де жұмыс істеп тұр. Алайда мемлекеттік қолдау тек республикалық бюджет арқылы ғана емес, «Бәйтерек» холдингі, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы да жүзеге асырылып жатыр. Екінші деңгейлі банктер де пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау тетіктеріне қатысады. «Бәйтерек» холдингінің құрамында «Даму» қоры, Өнеркәсіпті дамыту қоры, Даму банкі, Аграрлық несие корпорациясы және басқа да көптеген ұйымдар бар. Өңірлік және орталық деңгейде, бюджет, Ұлттық қор және даму институттары арқылы бизнесті қолдаумен айналысатын мұндай субъектілер аз емес. Осындай жағдайда белгілі бір деңгейде функциялардың қайталануы, артық әкімшілік шығындар, тиімсіздік және тіпті сыбайлас жемқорлық тәуекелдері де болуы мүмкін екені түсінікті, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ Сенат төрағасы Мемлекеттік қолдау шараларының бірыңғай тізілімімен қатар, бизнесті қолдау рәсімдерін толық жүйелеуге мүмкіндік беретін «бір терезе» қағидатын енгізу және жасанды интеллектіні пайдалану аса өзекті екенін айтты.

- Бірыңғай тізілімнен бөлек, сіздерде «бір терезе» жүйесін құру туралы бастама болған еді. Қазір осы идеяны белсенді түрде іске асыру қажет деп ойлаймын. Жоба немесе компания туралы негізгі мәліметтер бір жерге енгізіліп, барлық ақпараттық база өзара интеграциялануы керек. Сонда жасанды интеллектінің көмегімен қай компания қандай қолдауға лайық немесе лайық емес екенін анықтауға болады. Бұдан кейін барлық процесс ашық түрде бақылауға алынады. Осылайша, біз артық әкімшілік шығындарды қысқартып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетер едік. Мемлекет қаражатының тиімсіз жұмсалуына жол бермей, қайталанатын функцияларды азайтып, қолдауды қажет етпейтін компанияларға негізсіз көмек көрсетуді де тоқтатар едік. Меніңше, бұл – мемлекеттік қолдау жүйесін ретке келтірудің әлдеқайда тиімді жолы. Былтырдың өзінде мұндай қолдау көлемі бірнеше триллион теңгені құрағаны белгілі. Ал оған жергілікті бюджеттердің қаражатын қоссақ, не болады?», – деді М. Әшімбаев.

Айта кетейік, бүгін Сенаттың жалпы отырысында Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері тыңдалды.