Нұрай Серікбай ісі: Сот Шерхан Аймаханды өмір бойына бас бостандығынан айырды

0
113

Сот Шерхан Аймаханды үш бап бойынша айыпты деп тапты


Нұрай Серікбай ісі: Сот Шерхан Аймаханды өмір бойына бас бостандығынан айырды

ERNUR.KZ. Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шықты.

21 жастағы Нұрай Серікбайды аса қатыгездікпен өлтірген, некеге тұруға мәжбүрлеген және аңдыған Шерхан Аймахан өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздік деңгейі жоғары түзеу мекемесінде өтейді.

Үкімді сот төрағасы Саммидин Теміралиев жариялады. Сот 28 жастағы Шерхан Аймаханды ҚР Қылмыстық кодексінің үш бабы бойынша кінәлі деп таныды. Атап айтқанда:
  • 99-баптың 2-бөлігі, 5-тармағы – аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру;
  • 115-1-бап – сталкинг, яғни заңсыз аңду;
  • 125-1-бап – некеге тұруға мәжбүрлеу.


Сотта анықталғаны:

"2025 жылғы 4 қазанда сотталушы А. жәбірленуші С.-ны Алматы қаласынан Шымкентке қаласы бағытында автокөлігімен алып шығып, жолға шыққан. Сотталушы А. жәбірленушіге «қарсыласқан жағдайда немесе басқа да әрекет жасайтын болсаң екеуміз жол-көлік апатына түсеміз» деп қорқытып 2025 жылғы 5 қазанда Шымкент қаласындағы үйіне алып келіп, жәбірленушінің қарсылығына қарамай, қолындағы ұялы телефонын тартып алып, еркінен тыс үйіне алып кіріп некеге тұруға мәжбүрлеген. Алайда, сол күні жәбірленушінің ағасы, қарындасы өз еркімен келмегенін біліп, жәбірленуші өзін алып кетуді сұраған соң, оны алып кеткен.

Әрі қарай, сотталушы А. 2025 жылдың қазан-қараша айларының аралығында жәбірленушінің Алматы қаласында уақытша жалдап тұрған пәтеріне және Шымкент қаласындағы орналасқан үйіне бірнеше рет іздеп барып, аңдып, соңғының телефонына бірнеше рет қоңырау соғып, жәбірленушінің еркінен тыс қарым-қатынас жасауға тырысқан. Жәбірленуші абоненттік номерін басқа номерге ауыстырғанына қарамастан, сотталушы А. жаңа абоненттік номерін анықтап, жәбірленушіге тағы да көпрет қоңырау соққан.

2026 жылғы 11 қаңтардаШымкент қаласында сотталушы А. жәбірленушіге саябаққа серуендеп келу туралы ұсыныс жасаған. Жәбірленуші С. бұл ұсыныстан бас тартқан. Соңғының бұл жауабына намыстанып, сотталушы А.алдын-ала өзімен дайындап келген туристік пышағымен жәбірленушіге соққылар жасап жатқан кезінде, оқиға орнына келген адамды байқап, өзінің іс-әрекетін тоқтатып 5-6 метр жерге дейін қашып кеткен. Алайда оқиға орнына қайтып келіп, алған ауыр дене жарақаттарынан жерге құлап қиналып жатқан жәбірленушінің денесіне куәнің көзінше қайтадан көп соққы жасаған. Сонымен сотталушы А. жәбірленушігежалпы 35 рет соққы жасап, оған аса қатыгездікпен қаза келтірген".

Сондай-ақ сот жәбірленуші тараптың азаматтық талап-арызына қатысты шешім қабылдады.

Нұрай Серікбайдың туыстары сотталушыдан 15 млн 739 мың 65 теңге материалдық шығынды және 10 млрд теңге моральдық зиянды өтеуді талап еткен. Сондай-ақ өндірілген қаражатты қайырымдылыққа бағыттауды сұраған.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.