Сендерден ешқандай өкініш көріп тұрған жоқпын – Қаржаубайдың адвокаты сотталушыларға қадап айтты

0
150

Мейірман Шекеев Шерзаттың суретін көрсетіп, “мына баланың өмір сүруге құқығы болды ғой” деп сотталушыларға бұрылды.


Сендерден ешқандай өкініш көріп тұрған жоқпын – Қаржаубайдың адвокаты сотталушыларға қадап айтты

фото: Ұлысмедиа коллажы

ERNUR.KZ. Шерзат Полаттың ісі бойынша сот жарыссөзінде жәбірленушілердің адвокаты Мейірман Шекеев сотталушыларға жауапкершілікті ала білуге шақырды, деп жазады ulysmedia.kz.

Шерзат қайтыс болды. Небары 16 жаста ғана еді. Біреуіңізге де қарсылық жасай алмас еді. Бірақ бойларыңыздан ешқандай өкініш көріп отырған жоқпын. Өкініштісі, өз әріптестерім де “Шерзаттың тәрбиесі дұрыс болмады” деп отыр. Біз аға буынбыз. Әрбір сөзімізге жауап беруіміз керек. Шерзат өзі барып пышаққа түскен жоқ. Адам өлгені – факт. Тәуке ханның кезінде де “қанға қан, жанға жан” деген. Бұл нені білдіреді? Біз бұларды кінәсіз сотталып кеткенін ешкім қалап отырған жоқ. Қаржаубай сіздерді “жазықсыздан жазықсыз сотта” деп отырған жоқ. Қаржаубай өз баласын жоқтап жүр. Бұған ешқандай жауап болмаса, бұл қылмыс ары қарай да жалғаса береді. Түптеп келгенде өз болашақтарыңызды қорғауларыңыз керек еді. Жауапкершілікті ала білу керек, – деді ол.

Мейірман Шекеев Шерзаттың суретін көрсетіп, “мына баланың өмір сүруге құқығы болды ғой” деп сотталушыларға бұрылды.

Қылмыскер араларыңызда екенін мойындап отырсыздар. Бірақ “мен емеспін” дейсіздер. Онда неге бір-біріңізді қорғап отырсыздар. Яғни, бәріңіз кінәлісіздер. Әскентайға “сен Нұрболды шақырмағанда, ол басқаларды шақырмағанда төбелес болар ма еді?” дегенде сен “жоқ болмас еді” дедің. Ендеше, неге адам өлгенге Қаржаубайды кінәлап отырсыздар? Бәріне айтып отырмын. Қоғамда дүрбелең болды.
Ата-аналар “қоғам бізді кінәлап жатыр” деп ренжиді. Бірақ өздеріңізді кінәлап жатқан жоқсыздар ма? Кешеден бері “Шерзаттың ажалы жетті” дейді. Сіздер ата-анасыздар. Сіздер солай деген соң балаларыңыз қалай әрекет етеді? Кінә дәлелденді. Аса қатігездікпен, ата-ананың көзінше өлтіріп жатыр, ал ешкім көрмей жатқанда не болар еді? Егер қоғамның наразылығын алғымыз келмесе сөзімізге абай болайық, – деді Мейірман Шекеев.

2024 жылы 4 қазан күні Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған.