Щучинск дәмханасындағы 11 адамның өмірін қиған жарылыс: Қаза тапқандардың отбасы қандай төлемақы алды

0
129

Щучинск қаласында "Центр плова" дәмханасында болған жарылыс салдарынан 11 адамның қаза тапты.


Щучинск дәмханасындағы 11 адамның өмірін қиған жарылыс: Қаза тапқандардың отбасы қандай төлемақы алды

Фото: Видеодан скрин

ERNUR.KZ. Қайғылы жағдайдан кейін бір жарым ай уақыт өтті. Жарылыс салдарынан зардап шеккендер мен қаза болғандардың отбасылары өтемақы алды, деп жазады stan.kz.

Бурабай ауданының әкімі Арай Садықов қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына төлемдер берілетінін айтты. Ол әкімдіктің жерлеу рәсімдерін ұйымдастырып, азалы жиыға жиналған туыстардың жүріп-тұруын және орналасуын өз мойнына алатынын хабарлады.

3 наурызға қарай қаза тапқандар саны 9 адамға жетсе, 11 наурызда 11 адам болды.

Арай Садықов қаза тапқандардың отбасыларына бір реттік материалдық көмек ретінде 2 миллион теңге, ал зардап шеккендерге 1 миллион теңгеден төленетінін айтты.

Әкімдіктің дерегінше төлемдер үш жерден түскен:

  • Әкімдіктен — 30 миллион 200 мың теңге;
  • "Центр плова" мекемесінен — 43 миллион 777 мың теңге;
  • Кәсәпкерлерден — 10 миллион 219 мың теңге.

Жалпы төлем сомасы 84 миллион 113 мың теңге.

"Қайғылы оқиға болған "Центр плова" кафесінің иесі мен Бурабай ауданы әкімдігі қаза тапқандардың отбасыларына бірден 2 миллион теңгеден төледі. Сонымен қатар жерлеу рәсімдеріне қатысты барлық шығындар, оның ішінде бір марқұмды тасымалдауға қажетті қаражат та толық өтелді", — деп хабарлады Бурабай ауданы әкімдігі.

Сондай-ақ зардап шеккендерге өтемақы алған жарақаттарының ауырлығына және қажеттіліктеріне қарай төленген.

Зардап шеккендердің қазіргі жағдайы

“Қайғылы жағдайдың салдарынан 11 адам қаза тауып, 17 адам жарақат алған. Зардап шеккендердің басым бөлігі әртүрлі дәрежедегі күйік алған. 17 зардап шеккеннің 8-і амбулаториялық ем алды, 5-еуі санитарлық авиациямен Астанаға жеткізілді, тағы 4-еуі Көкшетау облыстық ауруханасына жатқызылды. Қазір 6 науқас ем алып жатыр, оның үшеуі Астанада, үшеуіКөкшетауда”, – деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасы.

Сонымен қатар жарылыстан зардап шеккендердің жансақтау бөлімінен шығарылғаны белгілі болды.

Тергеу жұмыстары

Болған оқиғаға қатысты қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігі (Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл бап бойынша 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырылған.

“Қазір сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Жарылысқа дейінгі барлық мән-жайларды, соның ішінде оқиға алдындағы жағдайларды анықтау үшін кешенді тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр”, – деп мәлімдеді Ақмола облысы прокуратурасы.

Бұған дейін "Центр плова Loft" кафесінің жалға алушысы өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға жауапты тұлға ретінде күдікті деп танылғаны хабарланған. Оған қатысты бұлтартпау шарасы ретінде қамауда ұстау тағайындалды. Прокуратураның мәліметінше, тергеу нәтижелері бойынша басқа тұлғалардың әрекеттеріне де құқықтық баға беріледі.

5 наурызда Щучинск қаласындағы кафе иесі екі ай мерзімге қамауға алынды.

Дәмханадағы өрт қауіпсіздігінің назардан тыс қалуы

Ақмола облысы прокуратурасының мәләмдеуінше, нысан Бурабай ауданы төтенше жағдай бөлімінің бақылау тізіміне енгізілген және төмен тәуекел санатына жатқызылған. Сондықтан мұндай нысандарға жоспарлы профилактикалық тексерістер жүргізілмей, тек Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жоспардан тыс тексерулер жүргізілген.

Сонымен қатар мекеме бір қабатты ғимаратта, бес қабатты тұрғын үйге жақын орналасқан.

"2023 жылы нысан мейрамханаға қайта жабдықталып, меншік иесі тарапынан “Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы” заңға сәйкес өз бетінше пайдалануға берілген", — деп түсіндірді прокуратура.

Еске салайық, бұған дейін 26 ақпанда Ақмола облысы Щучинсктегі “Центр плова” дәмханасында газ-ауа қоспасы жарылып, арты өртке ұласты. Қайғылы оқиға салдарынан 7 адам қаза тауып, 26 адам жарақат алды. Өрт сөндірушілер ғимараттан 8 газ баллонын алып шығып, 10-нан астам адамды эвакуациялады. Зардап шеккендердің 13-і Бурабай аудандық ауруханасына жеткізілді, 6 адам амбулаториялық бақылауға жіберілді. Бес науқас санитарлық авиация арқылы Көкшетауға тасымалданды, тағы екі адамды жеткізу жоспарланып отыр.