Құжат Үкімет қаулысымен бекітілмек.
Фото: Sputnik / Абзал Калиев
ERNUR.KZ. Қазақстанда мемлекеттік қызметшілер жеке мүдделер туралы декларация тапсыруы мүмкін, деп жазады inbusiness.kz.
Сенаттың жалпы отырысында Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң мен оған ілеспе түзету қаралды. Құжаттағы маңызды өзгерістердің бірі – жеке мүдделер туралы декларация енгізілуі.
"Қолданыстағы заңнама бойынша мемлекеттік қызметші өзінің активтері, мүліктері, кірістері жөнінде декларация тапсыруға міндетті. Бұл қаржылық ашықтық пен мүдделер қақтығысын анықтау үшін жеткілікті. Алайда жаңа заңмен декларация тапсыруға өзгерістер енгізіліп жатыр. Бастапқы жобада оның мазмұны нақты жазылған болатын, бұл соңғы нұсқада бұл түзету алынып тасталып, нысанды бекіту үкіметке берілген. Декларация жобасы әзірленді ме және оның мазмұнында қандай мәліметтер бар? Жаңа декларация мемлекеттік қызметшілерге артық жүктеме болмай ма, қолданыстағы есептілікті қайталамай ма деген сұрақ туындайды", – деді сенатор Арман Өтеғұлов.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының орынбасары Салауат Мүксімовтің сөзінше, ақпараттың қайталанып берілуіне жол берілмейді.
"Екі декларацияның ең басты айырмашылығы – беретін ақпараттың жалпы мазмұнында және ұсыну мерзімдерінде. Әр қызметші өзіне тиесілі міндеттемелер мен қарыздарын, мүліктік жағдайына қатысты мемлекеттік қызметке кірерде бір рет декларация тапсырады. Кейіннен ол жыл сайын есептілік кезеңдегі табысына және мүліктік жағдайына қатысты декларация тапсырып отырады. Ал қазіргі заңда ұсынылып отырған мүдделер қақтығысы туралы декларация қаржылық жағдай емес, оның туыстық қатынастары туралы және басқа да ақы төлеу қызметі қай жерде бар – сол туралы мәліметті беруді талап етеді. Бұл жұмысқа тұрар алдында тапсырылады және кейіннен басқа мекемеге ауысуына байланысты де тапсырылып отырады", – деп жауап берді агенттік басшысы.
Оның айтуынша, жеке мүдделер туралы декларация Үкімет қаулысымен бекітілмек.
"Жеке мүддеге қатысты сонымен байланысты тұлғалар туралы да ақпаратты қамтиды. Басқа мекемеде ақы төлеу қызмет атқаратын болса, ол да кіреді. Бұл Үкімет қаулысымен бекітіледі. Қазір бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. Заң қабылдағаннан кейін екі ай аралығында осы заңға тәуелді акт қабылданады", – деді спикер.


