Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Қаржы министрі мәлім етті.
ERNUR.KZ. Бүгін Үкімет отырысында Мемлекет басшысының 10 шілдедегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындауға бағытталған шаралар қаралды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Ел экономикасын үнемдеу және шығыстарды қысқарту туралы баяндама жасаған Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 2021-2023 жылдары меморгандар мен квазимемлекеттік сектордағы компаниялар үшін қандай шығындар қысқаратынын мәлім етті.
«Шығыстарды оңтайландыру бойынша: 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың шығыстары оңтайландырылатын болады. Біріншіден, іссапар, өкілдік шығындар, заттай мүлікпен, тамақпен қамтамасыз етуді және тағы да басқа шығындарды қысқарту. Екіншіден, институционалдық қарыздар бойынша шығыстарды қысқарту мен олардың тиімділігін қайта қарау. Үшіншіден, квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің өзін-өзі барынша ақтауына көшу. Төртіншіден, басталған жобаларды аяқтау міндетін шешуді ескере отырып, барлық салаларда шынайы инфрақұрылымдық жоспарларды әзірлеу. Бесіншіден, жергілікті бюджеттердің шығыстарын оңтайландыру», - деді Ерұлан Жамаубаев Үкімет отырысында.
Премьер-министр мемлекеттік органдар берген ұсыныстарға қатысты қосымша шешім қабылданатынын айтты.