ERNUR.KZ. Қазақстанда Талғарда кісі қолынан қаза болған Шерзат Болаттың өліміне қатысы барлардың барлығын қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы петиция жарияланды, деп жазады Stan.kz.
Петиция авторы Әсел Маханова осы қылмыстық іске қатысы бар барлық адамның жазаға тартылуына талап еткен.
"Қазір тек тоғыз адам ғана сотқа тартылып отыр. Бірақ жанжалдың шығуына себепкер болған Чика сотқа тартылған жоқ. Қылмыс орнынан қашып кетуге көмектесіп, пышақты жасырған екі қыз бұл істе сыбайлас емес, куәгер ретінде жауап беруде. Қайғылы оқиғадан кейін Шерзаттың үйі өртенді. Басты куәгер – Нұрқанат ағасы қайтыс болды. Тергеу мұны “суицид” деп отыр. Бірақ сәйкестіктер өте көп. Айтылмаған жайттар да көп.
Бұл жеке бастың трагедиясы ғана емес. Бұл бүкіл елге қауіп төндіреді. Егер сыбайластар жазасыз қалса, бұл басқаларға белгі болады: қылмыстың ізін жасырып, жауапкершіліктен құтылуға болады деп ойлайды.
Мен анамын. Осы қоғамда өмір сүріп жатырмын. Балаларым мен келешек ұрпақ үшін сау қоғамды көргім келеді. Біз тергеудің әділ өтуін және қылмысқа қатысы бар барлық адамның жауапқа тартылуын талап етеміз”, – делінген желіде жарияланған петицияда.
Бес жүзге тарта адам қылмысқа қатысы бар басқа жандардың да жазаға тартылуын қолдайтынын білдіріп, қол қойған.
Айта кетерлігі, Қазақстанда ePetition.kz платформасында жарияланған петициялар ғана ресми петиция ретінде саналады.