Шерзат өлімі: сотталушылардың күліп бара жатқан видеосын кім таратқаны белгілі болды

0
146

Үш адам жауапқа тартылған.


Шерзат өлімі: сотталушылардың күліп бара жатқан видеосын кім таратқаны белгілі болды

Фото: видеодан скриншот

ERNUR.KZ. Жуырда әлеуметтік желіде Шерзат Полаттың өлімі бойынша сотталып жатқан жігіттердің сот залынан күліп шығып бара жатқаны түсіп қалған видео тарап, қызметтік тексеріс басталған болатын. Бүгін іске төрағалық етіп жатқан судья Ержан Жанұзақов тексеріс нәтижесін жариялады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

«Осы қылмыстық іс бойынша 29 сәуірде өткен тікелей эфирден кейін интернетте таралған күдіктілердің видеосы туралы жүргізілген қызметтік тексерістің нәтижесін жариялаймын. Қызметтік тексеріс барысында техникалық қызметкерлердің трансляцияны уақытылы тоқтатпағаны, соның салдарынан күдіктілердің видеосы эфирге шыққаны анықталды. Осыған байланысты техникалық қызметкерлер Рустем Муксинов, Нәзира Оразалиева және Сәуле Кайдағұлова тәртіптік жауапкершілікке тартылды», - деп мәлімдеді судья.

Осыдан кейін Ержан Жанұзақов кеше әлеуметтік желіде сот отырысына байланысты аудиожазба таралуына байланысты жеке қаулы шығару үшін кеңесу бөлмесіне шықты.

Судья Алматы облысы прокурорынан осы аудиожазбаға назар аударуды талап етті.

«Кеше әлеуметтік желілерде сот процесіне қатысы бар белгісіз адамдардың екіұшты сипаттағы әңгімесін қамтитын бейнежазба тарады. Осыған орай сот жеке қаулы шығаруды қажет деп тапты. Прокурор бейнежазбаның шынайылығын, диалогқа қатысушылардың кім екенін, олардың сөзінің мазмұнын анықтап, заңға сәйкес тиісті шаралар қабылдауға тиіс»,- деді Жанұзақов кеңесу бөлмесінен шыққаннан кейін.