​Шерзат Полат ісі: Ілиясов мылтықпен ұру себебін түсіндірді

0
121

Сотта Ілиясов 2024 жылғы 3 қазаннан 4 қазанға қараған түні досы Равиль Сакиевпен бірге «Эифория» мейрамханасында болғанын айтты.


​Шерзат Полат ісі: Ілиясов мылтықпен ұру себебін түсіндірді

Фото: Досбол Атажан

ERNUR.KZ. Шерзат Полаттың өліміне байланысты Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатқан қылмыстық іс аясында сотталушы Нұрқияс Ілиясовтан жауап алынды, деп жазады inform.kz.

Сотта Ілиясов 2024 жылғы 3 қазаннан 4 қазанға қараған түні досы Равиль Сакиевпен бірге «Эифория» мейрамханасында болғанын айтты.

Оның айтуынша, мейрамханаға кейіннен Дана мен Эльмира, артынан Дархан, Азамат және Шыңғыс келген.
«Біз көңіл көтеріп отырған уақытта Нұрбол мен Думан мейрамханаға келді. Кейін олар шығып кетті, бірақ қайда кеткендерін білмеймін. Мейрамхана жабылар кезде Азамат әлде Шыңғыс «Нұрболды ұрып кетіпті, барып көмектесейікші» деді. Барлығымыз көлікпен «Қамажай» дүкеніне келдік. Онда бір топ жасөспірім болды. Не болғанын білу үшін жандарына барып: «Жігіттер, не болып қалды? Не себеппен ұрып қойдыңдар?» деп сұрадым. Сол кезде Шерзат Полат мені ұрып жіберді», – деді сотталушы.
Сот барысында Ілиясов оқиға орнында екі рет мылтық атылғанын, сондай-ақ Қаржаубайдың дүкен ішінен пышақпен шыққанын мәлімдеді.
Оның сөзінше, төбелес шамамен 3-4 минутқа созылған.
«Менің ойымша, Шерзат дүкеннің алдында пышақталды. Қашып кетуіме болар еді. Алайда мылтық оқтаулы болған соң, артымнан атып жібере ме деп қорықтым. Бұрылып қашсам, Нұрқанат мені атар еді. Себебі ол «Атам, өлтірем!» деп айқайлап тұрды. Сол сәтте мылтықты алып алуға тырыстым. Мылтықтың дүмімен желке тұсынан ұрдым, бірақ қатты тимеді», – деді Ілиясов.
Сотталушының айтуынша, оқиғадан кейін олар дүкеннен шығып, «биатлон» жаққа барған. Сол жерде оқиғаны талқылап, кейін қайтар жолда Талғар аудандық полиция қызметкерлері көлікті тоқтатып, кісі өлімі бойынша жедел ақпарат алғандарын хабарлаған. Содан кейін барлығын полиция бөліміне жеткізген.
Айта кетейік, осы іс бойынша тағы бір сотталушы Дидар Қалиахмет денсаулығына байланысты сот процесіне дайын емес екенін айтып, келесі отырысқа дайын болатынын мәлімдеген болатын.