Шенеунік 30 наурыз күні қоғамдық орында 23 жастағы қызды балағаттап, жанжалдасқан.
ERNUR.KZ. Шығыс Қазақстан облысы Мәдениет басқармасының басшысы Мирас Жұмағұлов 30 наурыз күні ішімдік ішіп алып, қызға қол көтергені үшін басы дауға қалған болатын, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Бүгін ШҚО бойынша мемлекеттік қызмет істері агенттігінің әдеп жөніндегі кеңесінде Мәдениет басқармасы басшысына қатысты тәртіптік іс қаралды.
Мәселе былай болған: шенеунік мас күйде, 30 наурыз күні таңертең Қабанбай батыр көшесі, 109-үйдегі қоғамдық орында 23 жастағы қызды балағаттап, жанжалдасқан. Одан бөлек, қызға қол жұмсаған. Осы әрекеті арқылы шенеунік ҚР мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің 3 бөлігі,1,2,3 тармағын бұзып отыр.
«Бүкіл ақпарат құралдарында,әлеуметтік желілерде лауазымды тұлғаның іс-әрекеті жарияланды, қоғамдық резонанс болды. Барлық фактілер де бар», - деді кеңесте Мемлекеттік қызмет істер агенттігінің ШҚО бойынша департамент басшысы Нұрлан Еркебаев.
Осылайша департамент басшысы, кеңестің төрағасы басқарма басшысының мемлекеттік қызметтен кетуін талап етті. Кеңес мүшелері бірауыздан келісіп, сөзге келместен, шешімді қолдады.
«Мен кінәмді толық растаймын. Шешімге қанағаттанамын», - деді Мәдениет басқармасының басшысы Мирас Жұмағұлов.