Осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды.
ERNUR.KZ. Жедел жәрдем қызметкерлері Шығыс Қазақстан облысында тас жолдағы апаттан қаза тапты. Жедел жәрдем жүргізушісі Семей ауруханасына жеткізілді, деп жазады Azattyq Rýhy.
ШҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиға 2021 жылдың 3 ақпанында сағат 19.25 шамасында болғанын хабарлады.
«Schmitz тіркемесі бар DAF маркалы жүк автомобилінің 29 жастағы жүргізушісі Өскемен-Семей трассасы бойымен Өскемен қаласы жағынан Семей қаласы бағытында 140/58 километрде қолайсыз ауа райы жағдайында, төмен бұрқасын, көктайғақ кезінде басқаруды игере алмай, қарсы қозғалыс жолағына шықты, онда ГАЗ - A31R23 жедел медициналық жәрдем автомобилімен соқтығысу орын алды», - деп хабарлады полициядан.
Жол-көлік апаты нәтижесінде 1972 және 1979 жылдары туған екі медицина қызметкері оқиға орнында қайтыс болды. 44 жастағы жедел медициналық жәрдем жүргізушісі дене жарақатымен Семей қалалық ауруханасына жеткізілді.
«Аталған факті бойынша Қылмыстық Кодекстің 345-бабы, 4-бөлігі «Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуы» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бірқатар сот сараптамалары тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда», - деп қорытындылады ведомствода.