Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қайғылы оқиға болған Үлкен Нарын ауданына барды.
фото: Yvision
ERNUR.KZ. Шығыс Қазақстан облысының Үлкен Нарын ауылында екі жұмысшы қаза тапты, деп жазады ulysmedia.kz.
Үлкен Нарын ауылында су құбыры жарылған жерде апатты қалпына келтіру және жер қазу жұмыстары кезінде топырақ опырылып, «Нарын КомХоз Сервис» коммуналдық кәсіпорнының екі қызметкері — дәнекерлеуші Ержан Айтпаев (1983 жылы туған) және слесарь Сергей Кастерин (1970 жылы туған) қаза тапты.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов кеше қайғылы оқиға болған Үлкен Нарын ауданына барды. Ол әкімдік атынан қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, оларға жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтты.
ТЕРГЕУ
Оқиғаны тергейтін комиссияның төрағасы — Шығыс Қазақстан облысының бас еңбек инспекторы Бақытбек Қизатовтың айтуынша, алдағы он күн ішінде оқиғаға байланысты жан-жақты тергеу жүргізіледі. Қажет болған жағдайда тергеу мерзімі 30 күнге дейін ұзартылып, салалық сарапшылар тартылатын болады. Қорытынды материалдар құқық қорғау органдарына және сот инстанцияларына беріледі.
Облыс әкімі өндірістік жарақаттардың алдын алу мәселелеріне кешенді түрде қарау қажеттігін ерекше атап өтіп, әсіресе адамдардың өміріне қауіп төндіретін жағдайларда еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау облыс басшылығының тұрақты бақылауында болатынын жеткізді.
ӨТЕМАҚЫ
Қаза тапқандардың отбасыларына республикалық бюджеттен өтемақы төленеді, сондай-ақ сақтандыру тетіктері арқылы қарастырылған өтемақылар беріледі. Өңір басшысы марқұмдардың туыстарымен жеке кездесіп, олардың назардан тыс қалмайтынын және оларға тиісті көмек көрсетілетінін айтты.