Ауыл тұрғындары үшін азық-түлік пен дәрі-дәрмек тікұшақпен жеткізілді.
ERNUR.KZ. Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданында қалың қар түсіп, ауыл халқы аттап баса алмай қалды. Қар құрсауында қалған халыққа көмек көрсету үшін тікұшақ жұмылдырылды, деп жазады inform.kz.
Кешелі бері әлеуметтік желіде Күршім ауданындағы ауылдардың қар астында қалғаны туралы видеолар тарап жатыр. Соның салдарынан халықтың қаламен, аудан орталығымен қатынасы үзілген. ШҚО әкімдігінің мәліметінше, ауыл тұрғындары үшін азық-түлік пен дәрі-дәрмек тікұшақпен жеткізілді.
ШҚО Көлік және автомобиль жолдары басқармасының деректері бойынша жол жүруді қамтамасыз ету үшін қосымша техника жөнелтілді. Қазіргі уақытта 24 арнайы техника жұмылдырылған. Алайда боранға байланысты жұмыс істеу қиындық тудыруда.