ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН: Энергетика саласындағы жұмыс қарқыны жоғары

0
445

Өңірдегі бір ғана проблема – жылу энергиясының тапшылығы.


ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН: Энергетика саласындағы жұмыс қарқыны жоғары

Бүгінде елімізде түрлі салаға арналған мемлекеттік бағдарламалар қолға алынып, жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соның ішінде энергетика және энергия өндіру бағыттарына да басымдық берілген. Осы тұрғыда биыл Шығыс Қазақсстан облысы аумағында бірқатар жұмыс атқарылу үстінде.


Облыс орталығындағы жылумен қамту жүйесінің қарамағында қызмет көрсетіп тұрған 8 қазандық пен он бес сору бекеті бар. Бұл желілер жалпы ұзындығы 450 шақырымды құрайтын жылу желісін қажеттілікпен қамтып отыр. Сәйкесінше, бұл желіден жүз жиырма мыңнан аса өскемендік жылу мен ыстық су алып келеді. Қуанышымызға орай, өткен жылыту маусымында қандай да бір ақау не оқыс оқиға орын алмай, жылу беру маусымы бірқаыпты өткен. Ал қазір мамандар алдағы кезеңге дайындық жұмыстарын жүргізуде. Осыған дейін желі толықтай тексеріліп, бүгінде кем-кетік түзетілу үстінде. Одан бөлек 2024 жылы он үш шақырым желіні жаңарту жоспарланған.


Ал өңірдегі бір ғана проблема – жылу энергиясының тапшылығы екен. Аталған мәселенің түйіні жаңа жылу энерго орталығын салғанда ғана шешілетін көрінеді. Шешіліп қана қоймай, жек сектор аумағы да орталық жылуға қосылмақ. Оған қоса, кейбір қазандықтардың жұмысы тоқтатылып, өңір экологиясына тиіп жатқан кері әсер де төмендемек.


Сондай-ақ, бірер ай бұрын облыс әкімі жылу жүйесінің жай-күйі жайлы толық ақпарат бере алатын сандық жүйе әзірлеуді тапсырған. Соның арқасында апат орын алған бөлікті оңай анықтау, ақауды жылдам түзету, тіпті апат болуы ықтимал нүктелерді алдын ала анықтау мүмкіндіктері қолжетімді болады екен. Бүгінде сала мамандары бұл бағдарламаны әзірлеуге кірісіп кеткен. Егер осы бастама сәтті жүзеге асса, жылу энергиясын басқару оңтайландырылып, шығын да үнемделмек.


Биылғы жылы елге қуаныш сыйлаған тағы бір бастама – Үлкен Нарын жеріндегі үш бірдей жылу қазандығының жөнделетіндігі. Атап айтсақ, алпыс жылға жуық уақыт бойы жұмыс істеп тұрған екінші қазандық бірнеше тұрғынүй, жеке үйлер, кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелерді жылумен қамтамасыз етіп келген. Ал елу жыл бұрын салынған үшінші қазандық жергілікті колледждің алты ғимараты мен 4 тұрғынүйге қызмет етіп тұр. Ал, он жылдай уақыт бұрын салынған қазандық жиырма тұрғынүй кешенін, елуден аса кәсіпорын, жиырмадан астам мекеме мен қырықтан аса жеке пәтерге жылу жеткізген. Сәйкесінше, бірер ай бұрын арнайы комиссия қазандықтардың ахуалын зерттеп, жөндеу қажет деген шешім шығарған. Жалпы, үш азандықтың жабдықтарын жаңартып, қызметкерлерге еңбекақы төлеу, сонымен қатар жұмысшыларға жайлы еңбек ортасын құру үшін 130 миллион теңгеден аса қаражат керек болмақ. Бұл бағыттағы жұмыстар жақын арада іске асырылады.


Сонымен қатар, 2024 жылдың сәуірінде Қазақстан және Ресей арасында жылу электр орталығының құрылысын жүргізу бойынша келісімшарт түзілген еді. Соның бірі Өскенмен қаласына салынады деп жоспарланған. Осыған орай мамыр айында ЖЭО құрылысына қатысты жұмыс тобының бірінші кеңесі өтті. Жиында заманауи нысан салынатын аумақ, техникалық және экономикалық шарттар талқыға түсті.


Отырыс барысында мәлім болғандай, бұл орталық осыдан бірнеше жыл бұрын қабылданған жоспарға сәйкес Қ.Қайсенов көшесінің бойынан салынбақ. Ендігі кезекте тиісті құжаттарды әзірлеп, құрылыс жүргізетін мердігер табу жұмыстары қолға алынған.


Шығыс Қазақстан облысында ГЭС салынуы да мүмкін. Олай дейтін себебіміз, маусым айында өңір басшысы қытайлық компания өкілдерімен кездескен еді. «China Huadian Corporation» деп аталатын бұл ұйым дүниежүзіндегі ең үздік бес жүз компанияның қатарына кіреді. Сәйкесінше бұл компания энергетика саласымен қатар, ғылым, өнеркісп бағыттары бойынша да жұмыс істеп келеді. Тіпті табиғи газ арқылы жлектр қуатын өндіруде де мол тәжірибесі бар. Сондықтан бұл компания өңірде жұмыс істей бастаса, жақсы нәтиже күтуге болады деп ойлаймыз.


Олардың ұсынысына сәйкес, екі бірдей судан электр өндіретін бекеттің жалпы ққуаттылығы 51,4 МВт-қа тең. Қос нысан Алтай және Катонқарағай елдімекендерінде бой көтермек. Облыс әкімдігінің ақпаратына сүйенсек, бүгінде қытайлық компания өкілдері жобаға қатысты параметрлерді терең зерттеп жатыр.


Айта кетерлігі, мұндай шетелдік компания Шығыс Қазақстанға бірінші рет келіп отырған жоқ. Бұған дейін де өңірде энергия өндіру саласында бір жоба іске асырылған. Ол – Алтай ауданында табысты жұмыс істеп жатқан «Тұрғысын ГЭС - 1» жобасы.


Шығыс Қазақстан өңіріне қарасты Катонқарағай ауданында да жуырда жаңадан салынып жатқан жылуқазандығының құрылысы аяталады. Осы орайда аталған жобаның қуаттылығына сай жетпіс шақырымға жуық құбыр жүргізіледі. Оған елдімекендердегі мемлекеттік нысандар, әлеуметтік санаттағы ғимараттар, сонымен бірге бірнеше тұрғын үй кешені қосылып, жылу алатын болады. Ал, бұрын қызмет көрсеткен қазандық қажетті техника мен қара отынға арналған қоймаға айналғалы тұр.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ