Соңғы мәліметтерге сәйкес, ШҚО-да 10747 адам коронавирус жұқтырған. Оның ішінде 8508 адам жазылып шықса, көз жұмғандар саны – 249.
ERNUR.KZ. Шығыс Қазақстан облысы коронавирустың таралу қарқыны бойынша «қызыл аймаққа» кірді. Бұл туралы ШҚО Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Талғат Тұңғышбаев ресми таратылған видеоүндеуде, деп жазады ҚазАқпарат.
1 қазан мен 2 қараша аралығында облыс бойынша 1681 рейд жүргізіліп, 9321 нысан қамтылған. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтамағандарға ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы 1-бөлігімен 381 айыппұл салынды.
Облыста жалпы қуаттылығы тәулігіне 7 мың сынамамен жұмыс істей алатын 10 зертхана бар. Бұл жүктеме өңір аумағына артығымен жеткілікті. Қазіргі уақытта тәулігіне орта есеппен 3000-ға дейін зерттеу жүргізілуде. ПТР тестілерінің тапшылығы жоқ. Бүгінде облыста 78 мың тест бар. Бұл кем дегенде 3 айға жеткілікті және олар үнемі толықтырылып отырады.
«Өздеріңіз білетіндей, әлемнің көптеген елдерінде қатаң локдаундар енгізілген. Испанияда төтенше жағдай режимі мен коменданттық сағат енгізілді, шектеулерді 2021 жылдың мамырына дейін ұзарту жоспарлануда. Ирландияда 6 қазаннан бастап қайта локдаун жарияланды. Үйлерінен 5 шақырымнан асатын қашықтықта жүруге тыйым салынып, барлық кәсіпорындардың жұмысы тоқтатылды», - дейді Т.Тұңғышбаев.
Оның айтуынша, Францияда 1 желтоқсанға дейін коменданттық сағат енгізілді. Германияда қайта карантин жарияланып, қонақ үйлер, тамақтану орындары жабылды.
«Ал біздің облыста жұмсартылған шектеулер бекітілді. Кәсіпорындар жабылмай, коменданттық сағат енгізілмейді. Өңірдегі барлық шектеу шаралары адамдардың денсаулығы мен өмірін қорғауға бағытталған. Біз азаматтардың осы шектеу шараларына жауапкершілікпен қарап, түсіністік танытарына сенеміз. Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз!», - деді Талғат Тұңғышбаев.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, ШҚО-да 10747 адам коронавирус жұқтырған. Оның ішінде 8508 адам жазылып шықса, көз жұмғандар саны – 249.
Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін коронавирус жұқтырғандардың көбеюіне байланысты Шығыс Қазақстан облысы «сары аймаққа» енгізіліп, өңір аумағына 13 санитарлық пост қойылған болатын.
Сондай-ақ медициналық мекемелердегі төсек-орын саны 12 есе ұлғайтылып, тұрғындардан жаппай маска тағу талап етілген еді.